Түркістан: Шаруалар тез арада ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген несиелеуді енгізуді сұрайды

159

Егін жинау науқаны шаруалар үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі ауыл шаруашылығы техникасының 80 % -ның тозығы жеткен. Тракторлар мен комбайндар жиі істен шығып, бұзылып қалатын көрінеді.

«Ал оны жөндеу ұзақ уақытты қажет етеді», дейді мамандар. Олардың айтуынша, жаңа техникамен жақсы өнім алып, егінді толық әрі еш кедергісіз жинап алуға болады. Тек, оны сатып алуға қаржы жеткіліксіз, төлем мөлшері төмен дейді. Президент ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған. Дегенмен ол әлі де әзірлену үстінде.

Серік Сұлтановтың бұл шаруашылықпен айналысып жатқанына 25 жылдан асқан. Ол иелігіндегі жерге беде мен бидай егеді. Дихан жазық далада жұмыс істеу үшін, 90-шы жылдары МТЗ 80 және Т25 тракторларын алған екен. Дегнемен, бүгінде бұл техникалардың тозығы жеткен көрінеді. Бір тракторға 26 жыл болса, екіншісіне 30 жылдан асқан. Фермер, ескірген техника нақты керек кезде жиі бұзылатынын жеткізді.

Серік Сұлтанов, Шаруа қожалығының басшысы: «Техникамен қанша рет далада қалдық, содан кейін оны үйге апарамыз, сосын қайтадан жөндеуге мәжбүрміз. Бұл жиі қайталанады. Жалға беруші кем дегенде 50 гектар болуы керек дейді, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Барынша күштеп тырысқанымыз небәрі 5-6 гектар».

Көптен бері шаруашылыққа қажетті техниканы жаңартуды армандаған шаруа, жаңа тракторлармен жерді кеңейтуге болатынын айтады. Сондай-ақ, бұл техника жиі жөндеуді қажет етпейді, дейді. Десе де, дихан қолда бар тракторлармен жұмыс істеуге мәжбүр екенін жеткізді. Елімізде бас аяғы 148 000 трактор және 38 000 комбайн бар.

Олардың 80 пайызының тозығы жеткен. Жыл сайын шаруалар ауыл шаруашылығы техникасының 3-4 пайызын ғана жаңартады екен. Ал, стандарт бойынша жылына оның 10 пайызын жаңалауы керек. Мамандар шаруалардың айналым қаражатының жоқтығын, сондай-ақ, көп жағдайда төлем қабілеті төмен екендігін айтады. Аталған мәселемен, еліміздегі фермерлер қауымдастығы Президентке хат жолдап, өз шарттарын ұсынды.

Ақпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры: «Ауыл шаруашылығы техникасын несиелендіруге арналған бағдарлама бастапқы жарнасыз, жылына 3% бен 7 жылға беріледі, осы мақсатта біз 50 млрд. теңге сұрадық. Көбі 3% жетпейді дейді. Неліктен аса қажеттілігі жоқ көліктерге 4 % береміз, неге мұнда 3 % енгізе алмаймыз».

Жылына 3% болса да, айтарлықтай артық төлем болатын көрінеді. Өйткені, былтырдан бері құрал-жабдық екі есе қымбаттаған. Бір жыл бұрын трактор 46 миллион теңге болса, биыл 80-90 миллионға сатылып жатыр. Қарапайым шаруаның комбайн сатып алуға мүмкіндігі жоқ, оның нарықтағы құны 150-200 млн. теңгені құрайды. Ел Президенті жарты ай бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Дегенмен ол әлі де әзірлену үстінде.

«Министрлік алаңында бірқатар кездесулер өтті. Қазіргі уақытта министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бағдарламаның шарттарын әзірлеуде».
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Шаруаларға барынша жақын арада жаңа техника қажет. Бұл мәселе уақытында шешімін таппаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр. Дихандар жеңілдетілген несие беру бағдарламасы тамыз айындағы егін жинау науқанына қарай жүзеге асады деп үміттеніп отыр. Себебі жаңа тракторлар мен комбайндар егіннің сапалы жиналуын қамтамасыз етеді.

Аида Қарсыбайқызы