Тұттыбұлақ үңгірінде 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды

219

 

Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай тауында орналасқан Тұттыбұлақ үңгірінде осыдан 48 мың жыл бұрынғы тіршілік анықталды. Қазба жұмысы кезінде алынған топырақ пен күл қалдықтарына жүргізлген сараптама нәтижесі осылай дейді ғалымдар. Дегенмен, зерттеушілер үңгірден алынған артефакттерді алғашында 41 000 жыл бұрынғы деп топшылаған екен.

Жакен Таймағамбетов, археолог, тарих ғылымдарының докторы: «Тұттыбұлақ үңгірін зерттеп жатырмыз Тюбинген университетінің ғалымдарымен. Оның ішінде тағы да Испаниядан, Американың өкілдері бар, Греция, Румыния және өзіміздің Қазақстан. Биыл біз оншақты күн болды жұмыс жасап жатқанымызға. Жақсы хабар келгені – былтырғы табылған жәдігерлер және күлдің қалдықтары. Ошақ болған үңгірдің ішінде. Сол күлдің қалдығынан зертхана бізге дәлелдеп бергені – 48 мың жыл бұрын осында адамдар өмір сүрген. Біз әлі терең қазып жатырмыз».

1959 жылы табылған Тұттыбұлақ үңгірінде дәл осы биіктікке дейін топырақ болған. Ал 2017 жылы басталған қазба жұмыстарының нәтижесінде мұнда аюдың тісі, адамның тісі, қырғыш, жоңқа, өзекті тас секілді түрлі бұйымдар табылған. Жәдігерлердің қатарында 48 мың жыл бұрынғы уақытқа тиесілі күлдің қалдығы да бар.

Абай Нәмен, археолог: «4 тас құралы табылды. Олардың әрқайсысы бөлек шикізаттан жасалған. Кварц — осы Тұттыбұлақ өзенінен табылған материал. Бұл үңгірдің маңында көп шикізат жоқ. Дегенмен де адамдар өздеріне қажетті шикізатты таңдап, осы кварцты таңдап осы жерде тас құралдар жасаған. Бір бетінде ұстағанда белгілі болады – балтатас өзеннің астында болатын, ал мына жағында кішкентай пластиналар қырған. Мына жағында платформасы болған».

Тұттыбұлақ үңгіріндегі қазба жұмыстары таңғы сағат 8:00-де басталып, кешкі 17:00-де аяқталады. Мұнда қазылған топырақ арнайы шелекке салынып, кейін електен өткізіледі. Себебі қазылған кезде табылмаған артефакттар, тексеріс барысында анықталуы мүмкін

Раду Йовица, «Palaesilkroad» жобасының жетекшісі: «Біз бұл қазған топырақты осылай қаптарға толтырамыз. Оларды жинауымыз керек. Себебі, қазба жұмысы аяқталғаннан кейін қайтадан барлығын көміп кетеміз. Бұл келер ұрпақ үшін, басқа да зерттеушілер үшін өте маңызды. Бізден кейін де археологтар келіп осы жердің табиғатын зерттеп, басқа да құнды жәдігерлер табуы мүмкін ғой».

Зерттеушілердің сөзінше, Тұттыбұлақ – 48 мың жыл бұрынғы жәдігер табылған Қазақстандағы алғашқы үңгір. Әлемдік сенсация деуге тұрарлық жаңалық қазақстандық ғалымдардың үлкен жетістігі дейді олар. Ал табылған жәдігерлер бір жылға жуық уақыт зерттеледі. Себебі – олардың жасы мен нақты қай дәуірге тиесілі екенін анықтау қажет.

Жакен Таймағанбетов, археолог, тарих ғылымдарының докторы: «Табылған жәдігерлер тіс болса – лабороторияда зерттеледі, оған бір жылдай уақыт кетеді. Себебі оның нақты қай дәуірге жататынын анықтау керек. Себебі оны археологтар емес, полеантропологтар. Мысалы хомосапиенс па, неандертальдық па,соны дәлелдеп береді».

Жалпы Бәйдібек ауданында 6 туристік нысан бар. Аудан әкімінің орынбасарының сөзінше, олардан ешқандай қаржы түспейді. Ал аталған үңгірді туристік аймақ қатарына енгізу жоспарға қойылған.

Бақыт Қырғызәлиев, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары: «Алдағы уақытта туризм ретінде жасауға ойымыз бар. Толық біткесін жұмыс жасаймыз. Бұл республика деңгейінде шешіледі. Мұның бәрі зерттеліп, зерделеніп толық, сондай шешім қабылданып жатса туристік мекен болады деп ойлаймын».

Сондай-ақ, «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Тұттыбұлақ үңгірінен 2021 жылы түрлі тас құралдары мен адамның жақ сүйегі табылған. Зерттеушілер жақ сүйек алғашқы адамдыкі болуы мүмкін деп жобалап отыр. Алайда, барлығын зерттеу нәтижесі көрсетеді. Ал соңғы ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу үшін шамамен бір жылға жуық уақыт қажет.

Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейі Ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен музейдің бас ғылыми қызметкері Жәкен Таймағамбетов бастаған халықаралық экспедициялар Қаратау жотасынан палеолит дәуіріне тиесілі 85 үңгірді анықтаған.

Жалпы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және Германияның Тюбинген университеті арасындағы халықаралық келісімшарт негізінде 2017 жылдан бері «Palaesilkroad» жобасы бойынша ел аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру мақсатында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіп келеді.

Гүлдана Дәурен