Заңсыз қоқыс тастаған шымкенттіктер 19 млн. теңгеге жуық айыппұл арқалады

218

Құрылыс материалдарын көшеге де, қоқыс жәшігіне де тастауға болмайды. Десе де, Шымкентте бұл қағиданы ескермейтіндер көп. Мәселен, мегаполистің орталығы саналатын Әл-Фараби ауданында заңсыз қоқыс тастайтындар тиылмай тұр. Жыл басынан бері мұндай азаматтарға 19 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған. Қатты қалдықтарды қайда тастауға болады?

Заңсыз қоқыс тастаған шымкенттіктер 19 млн. теңгеге жуық айыппұл арқалады. Бұл тек Әл-Фараби ауданы тұрғындарына жыл басынан бері салынған айыппұл мөлшері. ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бап және 505 бап бойынша ортақ пайдаланылатын орынды ластаған және қала обьектілерін бүлдірген азаматтар жауапқа тартылады. Мұны экологиялық полиция мен аудан әкімдігі қадағалайды.

Мұқтар Төлеуіш, Әл-Фараби аудан әкім аппараты қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы: «Құрылыс қалдықтарына біз аудан әкімі аппарты мен аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесе әр сейсенбі және жұма күндері біз рейдтік іс шара ұйымдастырамыз. Яғни, көше бойыларында құрылыс материалдарын тастаған азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз».

Қанша айыппұл салса да, заңсыз қоқыс тастайтындар азаймай тұр. Тіпті, қазір құрылыс материалдарын өзге тұрғын үйдің қоқыс жәшігіне әкеліп тастайтындар бар. Ал мұның зияны, компанияға ақша төлеп отырған жергілікті тұрғындарға тиіп жатыр.

Роза Байымбекова, Әл-Фараби ауданының тұрғыны: «Үнемі бөтен адамдар келіп, қоқыс тастайды. Қап-қабымен әкеліп мына жаққа жинап кетеді. Контейнер бос болса да, жан-жағына шашып кетеді. Міне, мына құрылыс материалдарын да әкеліп тастайды. Көбі машинасынан түспей, жолдан лақтырып кетеді.»

Тазалыққа жауапты компания құрылыс материалдарын әкетпейді. Өйткені, мекеме келісімшарт бойынша тек тұрмыстық қалдықтарды тазалайды. Аудан әкімдігі мамандарының айтуынша, мұндай қатты заттарды қоқысқа шығару үшін арнайы бөлек келісімшарт жасасу керек. Немесе, қоқыс алаңы маңында көрсетілген телефон номерге қоңырау шалуға болады.

Мұқтар Төлеуіш, Әл-Фараби аудан әкім аппараты қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы: «Тұрғындар қызмет көрсетуші мекемелермен екіжақты келісімшарт түзуі арқылы жұмыс жасайды. Оған әкімшілік үшінші жақ болып кіре алмайды. Құрылыс қалдықтарын тастау үшін компанияның номеріне хабарласып айтуы керек. Олар сонда арнайы техникасымен алып кетеді. Оған бөлек тариф төлейді».

Айта кетейік, қазір қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында аудандағы 192 қоқыс алаңының 35-не бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал жыл соңына дейін тағы тазалық компаниясының есебінен 20 камера орнату жоспарланып отыр. Бұл заңсыз қоқыс тастайтындарды анықтап, жауапкершілікке тартуға көмектеседі.

Біздің мақсат тұрғындарға айыппұл салу емес, тазалықты қамтамасыз ету деген жауаптылар қатты қалдықтарды көше бойына және қоқыс жәшігіне шығармауға кеңес береді. Өйткені қала тазалағы-мәдениеттің өлшемі.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева