Тарихи жәдігерді «Ақмола облысының аумағында сақталған қазақ халқының музыкалық-фольклорлық мұрасын ғылыми-зерттеу» атты экспедиция барысында Жарқайың ауданының тұрғыны Леонид Николаевич Долинин тапсырған.
Экспедиция жетекшісі — ҚР Ұлттық музейі Рухани мұраны ғылыми-зерттеу институтының “Қазақтың дәстүрлі мәдениеті” бөлімінің жетекшісі Ардаби Мәулет.
Құрбандық тасын Шойындыкөл ауылының «Ескі алты қорымы» деп аталған жерінен 2000 жылы тауып алған Леонид Долинин 22 жыл бойы көзінің қарашығындай сақтап, арнайы мамандарға тапсыруды мақсат етіпті.
Құрбандық тасы б.з.д. III-II ғасырға тиесілі. Доғал, дөңгелектеу пішінде, тегіс тастан, бір жақ шетінде қошқардың басы (мүйізі) қайырылып, қашалып өрнектелген ғұрыптық тас әйелдерді жерлеу кезінде бірге қойылған.
Сақ-сарматтар кезеңінде қой бейнесі бейнеленген құрбандық тастары археологиялық қазба жұмыстарынан көптеп табылған. Сол кездегі халықтың таным-түсінігінде қошқар мен қой бейнелері тотемдік символикалық маңызға ие болды. Олар тұрақтылық пен бірлікті, шыдамдылық, қарапайымдылық, жұмсақтық, нәзіктіктерді білдіруші және құрбандыққа шалыну мүмкіндігі ең көп түлік болуымен ерекшеленді.
Ал, құрбандық тастар мен ыдыстарды көшпелілердің діни ғұрыптарының бірі — «тазалау» жоралғыларын орындауға қолданған зат деген де жорамал бар. Өйткені олар алып жүруге ыңғайлы, шағын және кез-келген жерге қоюға ықшамды.
Зерттеуші К.Ф.Смирнов сармат қорымдарын зерттеу барысында құрбандық тастарының молалардың ішінен табылуын діни ғұрыптық жағдайларға байланысты екендігін айтады. Ол Еділ бойы мен Оңтүстік Орал және Қазақстанның мал өсірушілері үшін күн мен отқа табыну басты діни ғұрыптардың бірі болғандықтан діни рәсімдерді өткізетін — яғни, қасиетті от тұтататын орын–алтарьлар ретінде осы құрбандық тастарды пайдаланғанын жазады.Сонымен қатар, хош иіс шығаруға, немесе діни ғұрыптық отты жағуға жарық беретін құрал ретінде қолданылғандығын да айтылған.
Тас — адамзат баласының тіршілігінің дамуымен біте қайнасқан ұғым. Түрлі археологиялық қазба жұмыстары дәлелдегендей, алғашқы адамдар тастан еңбек құралдарын дайындаса, әлі күнге дейін қоғамдық тыныс-тіршілігіміз тастан жасалған материалдармен тығыз байланысты. Солардың ішіндегі сирек құндылықтардың бірі — құрбандық тастары. Бұл жәдігердің 40-қа жуық түрі белгілі болса, оның 10-нан астамы Қазақстанда табылған. Олар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сақтаулы.
Белгілі археолог Зейнолла Самашев «Қазақ Алтайының кереметтері» атты еңбегінде: «Сақтар мифологиясында тұяқтылар бейнесі, соның ішінде қой солярлы культпен біте қайнасты және жаратылыстың ортаңғы құрылымын құрды. Тұяқты мүйізді жануарлар Әлем бәйтерегінің зооморфты нышандары болып табылатын. Өзге де ежелгі өркениет ескерткіштерінде кеңінен белгілі болған бұлар, оның өмір бәйтерегімен, Әлем өзегімен байланысын айғақтайды. Бұл бейне «жануарлардың арқасында өсетін ағашы немесе оның атрибуты (мүйізі) …Ежелгілерді мүйіздің екі ерекшелігі қызықтырды – өсетін қабілеттілігі және сыртқы түрінің ағашқа ұқсайтыны». Әлем ағашы бейнесімен қатар шиыршықта (спираль) композициялық символға енді»,-деп пікір білдіреді.
Ал Ш.Тохтабева «Ұлы дала жауһарлары» атты кітабында: «Шынайы үлгідегі плиткадағы қойдың мүйізі кілт шиыршықты көрсетілген. Уақыт өте келе Әлем ағашы түріндегі қошқармүйіз қолданбалы өнердегі ою-өрнектерде ұшырасты,-деп түйіндейді.
Сырдария аймағындағы қойға табыну белгілері де ерте кезеңдерде аңғарылғанын К.Байпақов зерттеуінде көрсеткен. Отырар және оның жанындағы қалалардан табылған қыш бұйымдардағы қой бейнелері мен қой мүйіздері екі мыңжыл аралығында өз іздерін қалдырғанын мәлімдейді.
Бір қызығы, басқа құрбан тастары секілді Жарқайыңнан табылған жәдігердің де мүйіз бейнеленген тұсы қызыл бояумен өрнектелген. Қызыл түс — діни рәсімге байланысты құрбандықтың қанының символы немесе оттың культі ретінде бейнеленуі мүмкін.
Әрбір кезеңнің өзіндік сенімі мен нанымы бар. Өткен тарихымыздың аластау, құрбандық шалу, Жаратқанға жалбарыну, түрлі мінәжаттарды орындауын бейнелейтін символдық белгі ретінде бізге жеткен мұралар сирек кездесетін, әрі құнды жәдігер екенін белгілі.
Айта кетейік, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Ақмола облысының аумағында сақталған қазақ халқының музыкалық-фольклорлық мұрасын ғылыми-зерттеу» атты музыкалық-этнографиялық кешенді ғылыми-зерттеу экспедициясы жалғасын табуда.
Ақмола облысында сақталған мәдени-рухани мұраларды жинап, сақтап, зерттеуді мақсат еткен экспедиция барысында мамандар Жарқайың, Сандықтау, Атбасар, Ерейментау, Жақсы және Есіл аудандарын аралап, құндылықтарды сақтап, дәріптеп жүрген ауылдың көнекөз ақсақалдары және тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай ұстап жүрген мұрагерлермен жүздесуде.
Мадина Сабыр
ҚР Ұлттық музейінің қызметкері