Жыл басынан бері 488 интернет алаяқтық фактісі тіркелген

61

Шымкент қаласының полиция департаменті интернет-алаяқтардың көбейгенін айтады. Олар ғаламтор арқылы арбаудың жаңа тәсілін меңгерген дейді тәртіп сақшылары. Сөздерінше, үшінші мегаполисте желідегі алаяқтық бойынша жыл басынан бері 500-ге жуық жайт тіркелген. Ал, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 162 миллион теңгеден асады.

Үшінші мегаполисте жыл басынан бері 488 интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға жоғары. Көбейген қылмыстың салдарынан жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 162 миллион теңгеден асып жығылады. Полицейлердің айтуынша, бұл — әлеуметтік желіні пайдаланатын әр азаматтың алаяқтың арбауына түсу мүмкіндігі жоғары деген сөз.

Арман Бейсенбаев, Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары: «Алаяқтар дыбыстық әсер жасайды. Яғни, телефонмен сөйлескен уақытта ол адам кеңседе отырған секілді әсер қалыптасады. Принтер жұмыс істеп, адамдар сөйлесіп, жұмыс қызып жатқандай болады. Сонымен қатар, олар өздерін қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, сіздің барлық деректеріңізді анықтап, жедел түрде шотыңыздағы ақшаны басқа шотқа ақша аударуды сұрайды. Алаяқтар сіздің шотыңызға шабуыл жасамақшы деген сылтаумен өздері сіздегі бар қаражатты жымқыруға әрекет жасайды».

Тәртіп сақшыларының сөзінше, бүгінде алаяқтардың арбау тәсілдері әбден түрленген. Мәселен, олар банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалып, жеке мәлімет сұрайды немесе ірі компанияларға инвестиция салуды ұсынады. Тіпті, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бейнесін пайдаланып ақшаны еселеп алуды ұсынатын жарнамалар да кездеседі.

Арман Бейсенбаев, Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары: «Алаяқтар сізбен сөйлесіп жатып, түрлі тәсілдермен сендіреді. Бір сілтеме жіберіп, ашыңыз дейді. Ал сіз ашқан сәттен бастап онлайн-камера арқылы барлық мәліметті біле алады. Сол арқылы адамдарды өзіне сендіреді. Өздерін «құқық қорғау органдарынан» деп таныстырып, барлық ақпаратты айтқан соң, адамдар сеніп қалады. Тез арада ақшаңызды аударыңыз дейді. Ал адамдар ақшаны аударғаннан кейін ғана, ойланып жатады. Ол кезде өте кеш. Ешқандай мемлекеттік орган, банк қызметкерлері болсын, құқық қорғау органы болсын ақшаны аударып бер деп сұранбайды».

Полицейлер «алаяқтар жымқырылған қаржының тек бірнеше пайызын ғана алатынын» айтады. Ал негізгі 95 пайызға дейінгі бөлігі шетелге кететін көрінеді. Сол себепті ұрланған қаржыны қайтарып алу екіталай. Ал осындай алаяқтық оқиғаларға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Шымкентте жедел-тергеу тобы құрылған. Бүгінде интернет алаяқтарға қарсы 16 қызметкер жұмыс атқарады.

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық фактісі бойынша 183 қылмыс ашылып, іс сотқа жолданған. Осы орайда полиция қызметкерлері аталған қылмыстың куәсі немесе құрбаны болған жағдайда бірден «102» арнасына хабарлауды сұрайды.

Гүлдана Дәурен