13 жастағы қызға зорлық көрсетпекші болған күдіктіні ауыл тұрғыны қолға түсірді

Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында жасөспірімді зорламақшы болған күдіктіні ауыл тұрғыны қолға түсірді. Нақтырақ айтар болсақ, ата-анасымен серуенге шыққан 13 жастағы жасөспірім, үйіне олардан бұрын ерте қайтпақшы болған. Алайда, қайтар жолда белгісіз ер адам шығып, шашынан тартып, қызды шетке қарай алып шыққан.

Полицияның мәліметінше, күдікті жәбірленушінің бетінен шапалақпен ұрып, жерге құлатқан. Онымен қоймай, айғайлауға тырысқан жасөспірімді қылғындырған көрінеді. Сол сәтте екі адамның арпалысып жатқан бейнесін байқаған тұрғын көмекке ұмтылған.

Бірақ, күдікті қашып үлгеріпті. Қыздың аман екеніне көз жеткізген тұрғын күдіктінің соңынан ілесіп қуып жетіп, қолға түсірген. Жасөспірімге зорлық көрсетпекші болған ер адамды ұстап, 13 жастағы қызды құтқарған Дарбаза ауылы әкімінің орынбасарына тәртіп сақшылары алғысын білдірді.

Сүйіндік Сейітжаппарұлы, Дарбаза ауылы әкімінің орынбасары: «Кешкісін жұбайымыз екеуміз серуендеп шыққанбыз. Жолда келе жатқанда, қараңғылау жерде екі адамның арпалысып жатқанын көріп және жағымсыз, қиналып жатқан дауысын естідім. Жүгіріп барғаным сол, әлгі азамат тұрды да қашып кетті. Қыз баладан сұрағанымда «мені ұрды, тұншықтырды, қылғындырды» деді. Содан артынан жүгіріп, қарама-қарсы жақтан шығып, күдіктін ұстадым. Сосын жергілікті полицияға қоңырау шалып, барлығы дер кезінде келіп тергеу амалдарына күдіктіні алып кетті».

Қазір күдікті қамауға алынды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлімі «Зорлау», 24-баптың 3-бөлігі «Қылмысқа дайындалу және оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу барысында.

Гүлдана Дәурен