Түркістандықтар әкімнің және оның қарамағындағы қызметкерлердің жұмыстан кетуін талап етті. Түлкібас ауданына қарасты Тастұмсық ауылының тұрғындары атқамінерлерді жұмыс істеуге қауқарсыз деп отыр. Айтуларынша, жергілікті шенеуніктер елдімекен іргесіндегі жерді оңды-солды сатып жіберген. Ал ауылдың ахуалын айтқан қараша халыққа аудан әкімінің орынбасары айқайлап берді.
«Жерімізді қайтарып берсін». Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылындағы арық бойындағы жердің сатылуы халықтың ашуын тудырды. Қарапайым халық жер телімдерін қайтарып беруді талап етіп отыр. Сөздерінше, жергілікті шенеуніктер жерді қалталы азаматтарға сатып жіберген. Айналып келгенде, оның зардабы қарапайым жұртқа тиіп жатыр.
Жәнібек Бейсембаев, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Мал жаятын орын. Мал кіріп шығатын жерге бұлар здания соғып жатыр. Бұл жерде мал трубадан өте ма, арықтан қалай өтеді. Бұл жерде жазым болады. Бұл жерді біз районның әкіммінен решениемен сатып алғанбыз».
Тұрғындар әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісімді бәрі шешіліп болғаннан кейін бірақ білдік дейді. Олар жердің сатылғанын ескертуді білмейтін шенеуніктер, қалай жұмыс істейді деп ашуға булықты.
Ерғали Мұқашев, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Әкім жұмыс істемейді. Қолындағы починойныларыда жұмыс істемейді. Менің ойымша емес, конкретно 100 процентов. Жұмыс істейтін болса кабинетте отырмай, есікті құлттап азаннан кешке дейін ауылды аралап жұмыс істеуі керек».
Тілшілерге сұқбат беруге келген аудан әкімінің орынбасары бұл мәселеден хабардар екен. Алайда проблеманы шешуге асығар емес. Тіпті, шенеунік жанайқайын айтуға келген тұрғындардың өзіне дүрсе қоя берді.
«Е, ары барсаңдаршы. Не бар енді мына жерде? Не, не мынау»,-деді аудан әкім орынбасары.
Шенеунік жайылымдық жердің кімге тиесілі екені туралы нақты ештеңе айтпады, тек жердің қаншалықты заңды пайдаланылып жатқанын тексеруге уәде берді. Егер заңсыздық анықталса ғимарат бұзылуы да мүмкін екен.
Марат Жанесен, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары: «Мынау салынып жатқан құрылыс рұқсат құжаттары жоқ. Қазіргі кезде анықтап отырғанымыз бойынша заңсыз салынып жатқан құрылысқа жатады».
Деседе, қос тараптың арасындағы шу басылар емес. Ауыл тұрғындары әкімді отставкаға жіберу туралы талабымыз ескерілмей жатыр дейді.
«Кім сайлады әкімді. Ешкім! Өз-өзін сайлап алған»,-дейді тұрғындар.
Аудандық әкімдік өкілдері жер телімін кім бергенін жіті тексерміз деп ақталып бақты. Тек тексеру жұмыстарынан кейін ғана заңсыз әрекет еткендер жауапкершілікке тартылады екен. Бірақ, заңды белшесінен басқандарға нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге беймәлім.
Мөлдір Ибадуллаева