Жаңа жолайырық құрылысы жүргізіліп жатқан жолдың бір бөлігі 31 тамыз күні ашылады. Құрылыс жұмысы әлі де жүріп жатыр. Жауаптылар, жол тек кептелісті азайту мақсатында қозғалыс үшін ашылады, ал негізгі жұмыс әлі толық аяқталған жоқ дейді.
«Изуми» сауда орталығынан басталып Бәйдібек биге дейінгі құрылысы жүріп жатқан жолдың ашылуына бір тәуліктен аз уақыт қалды. Шымкент қаласының әкімі жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды. Қала тұрғындары да бұл күнді асыға күтуде. Жергілікті билік өкілдері жұмыс әлі толық аяқталмағанын айтып, жолды тек кептелісті азайту мақсатында қозғалыс үшін ашамыз дейді.
Жолайырық құрылысы шамамен сегіз ай бұрын басталған еді. Нәтижесінде Ұ.Арғынбеков көшесінің А.Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек Би даңғылына дейінгі екі жағында көлік қозғалысы тоқтатылған. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жолдың қозғалысқа дайындығын тексеріп көрді.
Жоспарға сәйкес, бұл аймақта ені 80 метр 4-6 жолақты автомагистраль салынады. Жоба бойынша жол бойында жаяу жүргіншілерге арналған және вело жол төселеді. Әкімдіктегілер жұмысты уақытында аяқтаймыз деп отыр. Ал мұндағы құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.
Зибагүл Қосуақ, Шымкент қаласының тұрғыны: «Автобуспен қатынайтын едік. Қазір осы жолдың ремонтына байланысты автобусымыз бірталай жерді айналып жатыр. Бізге халыққа тура осы жол жақсы».
Жолайырық құрылысы жүргізіліп жатқан жолдың бір бөлігі 31 тамыз күні сағат 09.00-де ашылады. Жауаптылар құрылыс кезінде жолдың ашылу және жабылу кестелері жөнінде қосымша хабарлайтынын жеткізді.