«Басыма қапшық кигізіп, аяусыз соққыға жықты»: Түркістандық тұрғын полицияның азаптағаны туралы арызданды

86

Әлеуметтік желіде тергеу кезінде «басыма қапшық кигізіп, аяусыз соққыға жықты» деген ер адамның оқиғасына қатысты видео тарады. Осыдан 7 ай бұрын, Түркістан облысы, Отызжылдық ауылының тұрғыны Нұрболат Өмірбековті жергілікті полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен тергеуге алып, жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүрлеген.

Ал, аталған видеодан жәбірленушіні қалай азаптағанын көруге болады. Бүгінде Нұрболат Өмірбековтің арызы бойынша полицейлерге қатысты іс қозғалды. Қазір бұл іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысып жатыр.

«Бұл дауыс – тергеу кезіндегі аяусыз соққының астында қалып, қиналғаннан шыққан жан айқайы дейді, Нұрболат Өмірбеков. Бейнежазба Түркістан облысы Сауран ауданының полиция бөліміндегі бейнебақылау камералары арқылы түсірілген. Ер адамның айтуынша, ағымдағы жылдың ақпан айында оны 100 000 теңге тұратын екі бас қой ұрлағаны үшін күдікті де таныған. Оның айтуынша тергеу кезінде полицейлер Нұрболаты жасамаған қылмысын мойындауға мәжбүрлеп, басына полиэтилен пакет кигізіп, аяусыз соққыға жыққан көрінеді.

Бүгінде 34 жастағы тұрғынның мал ұрлығына қатысы жоқ екені белгілі болды. Полиция департаментінің өкілдері Нұрболат Өмірбековтың үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді. Десе де, жәбірленуші қылмысы дәлелденбесе де екі қой үшін өзін аяусыз сабағанына әлі де таңқалады. Сондай-ақ, ол өз арызында 5 қызметкердің атын анық көрсеткен. Тиісті мамандардың сөзінше, заңнан қорықпаған тәртіп сақшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Түркістан облысының баспасөз қызметі: «Сол күні күдіктіге Сауран аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің күш қолданғаны туралы мәлімдемесі назарға алынды. Түркістан облысы ІІД бастығы ішкі қауіпсіздік басқармасына тапсырма беріп, қылмыстық іс қозғады. Ағымдағы жылдың ақпан айындағы полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жолданды».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірмеді. Адвокат Евгений Яворскийдің айтуынша, бейнежазбадағы жай дыбыстардың өзі «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға себепші бола алады. Көбінесе адвокаттар арада уақыт өтіп, ешбір бейне немесе дыбыстық дәлел болмаған кезде жәбірленушіге ешқандай көмек бере алмайды екен. Ал бұл жағдайда, ер адамның істі дәлелдеуге толық мүмкіндігі бар, дейді құқық қорғаушы.

Евгений Яворский, Құқық қорғаушы: «Бұл жеке қылмыстық құқық бұзушылық, мұнымен күресу керек. Дауысты анықтау үшін бірқатар зерттеулер жүргізуге тиіс, онда нені білдіретінін, не естіп жатқанын семантикалық сараптамадан өткізеді. Бірақ бұл нағыз дәлел деп есептеймін, ал егер азаптау туралы айтатын болсақ, оларды дәлелдеу оңай емес».

Мұны Адам құқықтары жөніндегі Қазақ халықаралық бюросының маманы да растап отыр. «Азаптау» бойынша қылмыстық істер дәлелдің болмауына байланыситы көбінесе дұрыс тергелмейтін көрінеді. Сондықтан қабылданған өтініштермен салыстырғанда жауапқа тартылғандар аз.

Николай Тарара, Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросының Оңтүстік Қазақстан филиалының заңгері: «Заң бойынша, бірінші полиция қызметкерлері жауап алады және олардың кабинеттерінде бейнебақылау камералары жоқ. Негізі, Арнайы анықтау камералары болуы керек, содан кейін нақты ұстау, полицияға жеткізу уақыты болуы шарт, осылайша осының бәрі арнайы жазылуы тиіс».

Адам құқықтары жөніндегі бюроның мәліметі бойынша Жыл басынан бері, азаптаулар мен заңсыз әрекеттердің басқа да түрлерінен 172, ал өткен жыл ішінде 233 шағым түскен. Елімізде әлі күнге дейін азаптау әрекеттеріне аса мән берілмей отыр. Мамандар дәл осы себепті полицейлерге халықтың сенімі жоғалуы мүмкін екенін айтады.

Аида Қарсыбайқызы