Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 850 мың гектарға егілді. Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,4 мың гектарға ұлғайды.Ал гектар түсімділігі 18,7 центнерге жетті. Алдағы уақытта 500 мың тоннаға жуық дән жинау күтіліп отыр.
Бүгінде 200 мың гектары орылып (75 %), 350 мың тоннаға жуық астық қамбаға құйылған. Жалпы биыл Түркістан облысы ауыл шаруашылығында 1 трлн. теңгенің өнімі өндірілмек.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданына барып, астық ору барысын бақылады. Диқандармен кездесіп, өнімділікті арттыру, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану мәселелері жөнінде пікір алмасты.
— Облыстың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, үш
негізгі бағытты дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл шағын және орта бизнесті дамытып, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысының жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану туралы тапсырмасы аясында жеке қосалқы үй шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру тәжірибесі енгізілді. Жобаны іске асыру аз қамтамасыз етілген отбасылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тамшылатып суғару технологиясымен 10 сотық қосалқы үй шарушылықтары игеріліп, әрбір отбасы
1 млн. теңгеден астам қосымша табыс алуда,— деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыста масақты дақылдар 263,8 мың га орналастырылып, тікелей егу (нольдік) технология 4,5 мың гектарға қолданылды. Астық оруға қолда бар 759 дана астық комбайндары қатысуда.
Сонымен қатар биыл 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр.
Мөлдір Ибадуллаева