«Біз бақытты баламыз»: Конституция күніне орай ерекше концерт өтті

72

Шымкентте Конституция күніне орай «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік кеш өтті. Концертті тамашалауға қаламыздағы түрлі этнос өкілдерінен 200-ге тарта балақай келді. Шара барысында бүлдіршіндерге тәтті мақта мен балмұздақ таратылды.

Шымкентте Конституция күніне орай «Біз бақытты баламыз» мерекелік концертті өтті. Онда қаламыздағы түрлі ұлт өкілдерінен 200-ге жуық бала қатысты. Бал бұлақ бүлдіршіндер өздеріне арналған мерекелік шарада би билеп, түрлі ойын ойнап мәз-мейрам болды.

Ләйлә Мелдебаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Маған концерт ұнады. Біз попкорн жедік, ойнадық, көңіл көтердік. Кейін балмұздақ жедік, маған концерт қатты ұнады».

Балалар жылы аясында ұйымдастырылған шарада Оқушылар сарайының өнерлі бүлдіршіндері ән мен жырдан шашу шашты. Ал «Айгөлек» би ансамблінің мың бұралған бишілері мерекенің көркін қыздырды.

Ашық аспан астында өткен шараға қаладағы 5 пен 12 жас арасындағы балалар келді. Олар қаламыздағы өзге этнос өкілдері тығыз орналасқан 23 тұрғын алабының бүлдіршіндері. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма мамандарының айтуынша бүгінгі сыйлықтың бәрі балаларға тегін таратылады.

Азиза Исаева, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы: «Биылғы жылды Президентіміз балалар жылы деп жариялағандықтан балаларға арнап ұйымдастырылды. Мұнда көпшілігі өзге ұлт өкілдерінің балалары келіп қатысып жатыр. Балалар біздің болашағымыз. Солардың бақытты бал күндері есте қалатындай етіп ұйымдастырып жатырмыз».

Іс-шара соңы балақайларға арналған мерекелік фуршетке жалғасып, түрлі аниматорлар, көңілді батут пен тегін таратылған тәттілер балаларға керемет көңіл күй сыйлады.

Әсел Мәлік