«Мектепке жол — шекарасыз жақсылық» акциясы аясында 163 балаға қаржылай көмек көрсетілді

145

«Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» республикалық акциясы Сарыағаш ауданында жалғасын тапты. Акция аясында 163 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарына қаржылай көмек берілді. 

Сарыағаш ауданында «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» республикалық акциясы өтті. Онда әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан балаларға мектеп формасы мен оқу құралдары үлестірілді. Жалпы саны 163 оқушы кәсіпкерлер ұйымдастырған акцияда қаржылай көмекке ие болды.

Рахымжан Камалдин, Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі: «Бүгін «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық!» республикалық акциямыз өтіп жатыр. Бұл жерде ауданымыздағы жеке кәсіпкерлер, балабақшалардың құрылтайшылар ұйымдастырып отыр. 163 балаға киім формасы ақшалай және сөмке және мектепке қажетті құрал-жабдықтары бар. Жәрмеңке ұйымдастырып жатырмыз. Ондағы бағалар базар бағасынан төмен».

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін акцияның басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету. Ал бұл жәрмеңкені ұйымдастырушылар – аудандағы 10-нан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымдары.

Ізгі істі қолға алған кәсіп иелері 7 млн. теңгеге жуық қаражат жиып, мұқтаждар кәдесіне жұмсаған. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған демеушілер мұндай игі шара алдағы уақытта өз жалғасын табатынын айтады.

Назым Жұмағұлова, кәсіпкер: «Қолымыздан келген үлесімізді қостық. Балалар біздің болашағымз. Біз балалар үшін ештеңені аямаймыз. Ауданның кәсіпкерлеріне рақмет!».

Сонымен қатар, акция аясында оқуға қажет құрал-жабдықтар мен мектеп формасының жәрмеңкесі өткізілді. Онда отандық өнімдер төмен бағада ұсынылып, канцеляриялық жабдықтар мен сөмкелер 10-15 пайыз төмен бағада сатылымға шығарылды. Іс-шара жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған мерекелік концертпен қорытындыланды.