Шымкентте «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының қорытындысы жарияланды. Жалпы саны 128 отбасы үміткер болған конкурстың финалық кезеңіне 4 ауданнан 16 отбасы өткен еді. Жеңімпаз болған жанұя республикалық кезеңге жолдама алды. Марапаттау рәсімінде барлық қатысушы отбасыға түрлі сый-сыяпат үлестіріліп, жеңімпаздарға 1 млн теңгелік сертификат табысталды.
Татулық, бірлік, береке! Бұл — Жақыповтар отбасының өмірлік ұраны. 4 перзенттен 15 немере сүйіп отырған Жақып Құттыбек әкей мен жары Зәуірбекова Қарлыға анамыздың отасқанына биыл — 45 жыл! Спорт пен өнерді серік еткен жанұяда бірнеше мамандық иесі бар. Отбасы мүшелерінің бірі спортшы болса, біреуі мұғалім, ал енді бірі есепші болып қызмет атқарады. Үлгілі жанұядан тіпті әлем чемпионы да шыққан.
Біржан Жақыпов секілді бокстан әлем чемпионын тәрбиелеп өсірген Жақыповтар отбасында тағы да үлкен қуаныш! Олар үшінші мегаполисте кезекті рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының жеңімпазы атанды.
Әділдікті ту еткен Жақып Құттыбеков, балаларыма да әрқашан адал болуды үйретемін дейді. Халықаралық спорт шеберінің әкесі қазір өзі спорт мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеп отырған көрінеді. Сөзінше, отбасылық өмірде де, спортта да адалдық пен сыйластық ең бірінші орында!
Жақып Құттыбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Отан отбасынан басталады. Біздің отбасымыз да кішкентай бір кірпіш болып отанымыздың мүшесі болып қаланған шығармыз. Біздің оза шауып, бәйге алуымыз – әділ қазылардың ұйғарымы шығар, рақмет оларға! Лайық деп таныған екен, қуаныштымыз!Республикалық байқауда жоғарғы орыннан көрінеміз деген ойымыз бар!».
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы басталғалы оған мыңға жуық отбасы қатысқан. Ал, биыл байқауға қатысу үшін 128 жанұя өтінім берген екен. Алғашқы сайыста әр ауданнан 4 отбасы жеңімпаз атанып, қалалық кезеңге жалпы саны 16 жанұя жолдама алған. Нәтижесінде Қаратау ауданы атынан бақ сынаған Жақыповтар отбасының мерейі үстем болды. Айта кетейік, Қаратау ауданы қалалық кезеңде үшінші жыл қатарынан жеңімпаз атанып отыр.
Мұратжан Шотанов, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы: «Мерейлі отбасы» конкурсының қалалық кезеңінде өнер көрсеткен барлық қатысушыларды, оның ішінде жеңімпазды шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан мерейіміз үстем, отбасымыз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ еліндегі әрбір шаңырақтың іргесі берік, керегесі кең болып, үздік, мерейлі отбасылар көбейе берсін!».
Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына қала әкімінің алғыс хаты мен түрлі бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ал 1 млн. теңгелік сертификатқа ие болған үздік жанұя енді республикалық кезеңде Шымкент қаласының намысын қорғайды.