Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 5 пайызға өсті

32
фото qazaly.kz

Ағымдағы жылдың  бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ке артып, 11,6 миллиард АҚШ долларына жетті.

Бұл ретте Қазақстандағы жалпы сауда көлеміндегі Ресей Федерациясының үлесі бір жылда 27,3%-тен 18,3%-ке дейін төмендеді, деп хабарлайды Ranking.kz.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан экспортының көлемі 3,4 миллиард долларды құрады, нақты өсім – 0,5%-ке тең.
«Өз кезегінде Ресей Федерациясынан Қазақстанға импорт бір жылда 7%-ке өсіп, 8,3 миллиард долларды құрады. Қазақстанның жалпы импортындағы Ресей үлесі бір жылда азайғанымен, әлі де 38,5%-ті құрап отыр», — деп жазылған хабарламада.
2022 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстаннан Ресейге бір жыл бұрынғыдан 3,5 есе көп трактор экспортталды.
Қазақстаннан Ресей Федерациясына қаңтар-маусым айларында сомасы 574,7 миллион ​​долларды құрайтын 448,8 мың тонна бейорганикалық химия өнімдері, бағалы металдардың бейорганикалық немесе органикалық қосылыстары, радиоактивті элементтер немесе изотоптар экспортталды.
Сондай-ақ , 400,3 миллион АҚШ долларына темірден, қоспасыз және қоспалы болаттан дайындалған жалпақ жайма, сондай-ақ 217,3 миллион долларға күйдірілген пиритті қоса алғанда, темір рудалар мен концентраттар экспортталды.