Қазығұрт ауданында заманауи спорт кешені ашылды

53

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына іс-сапармен барып, аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар барысында өңір басшысы ауданда спорт саласының дамуына жіті мән беріп, кішкентай спортшылармен тілдесіп, тіпті шағын шеберлік сабағын өткізді.

Спорттық мансабын енді ғана бастағандар үшін Қазығұрт ауданында заманауи кешен ашылды. Нысанның ашылуына өңір басшысы арнайы келіп, қатысты. Өмірзақ Шөкеев балалардың спорттық дайындығын өзі бақылады. Облыс әкімі оларға кермеге тартынуды үйретіп, ауыр атлетикадан шеберлік сабағын көрсетті.

Спорт кешенінде әртүрлі жастағы балалар жаттыға алады. Мұнда спорттық жолаяқтар, боксқа арналған ринг те бар. Ең бастысы, кез-келген адамның секцияларға тегін қатысуына мүмкіндік бар.

Нұрсұлтан Тузелов биыл екінші сыныпқа барады, ол спорт жаттығуларын үнемі жасап отырады. Бүлдіршін өскенде дәрігер болуды армандайды. 7 жасар бала спорт – адамның өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарайтындар үшін қажет дейді.

Ал спортпен шұғылданғысы келген жандар спорт кешеніне немесе Қазығұрт ауданының әкімдігіне жүгіне алады.

Гүлдана Дәурен