Уақытша болса да заңсыз. Қазақстандықтар елге шетелдік көліктерді жиі әкеле бастады. Басым бөлігі Грузия мен Әзірбайжан елінің автокөліктері. Олар кейде ережелерді елемей, кедендік төлемдерді де төлемейтін көрінеді. Мұндай жайтты Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері анықтады.
Қазақстандықтар шетелдік көлікті елге ерекше схемамен алып келеді. Олар темір тұлпарды шетелдегі делдалдардан таңдап, тапсырыс берушінің атына берілген көлік басқару сенімхатымен Қазақстанға жеткізеді. Ал оны уақытша импорт ретінде көрсетеді. Бірақ мұндай көлікті тек иелері, яғни, шетел азаматтары ғана жүргізе алады. Ал, сенімхатпен рөлге отырған қазақстандықтар ереже бұзып отыр.
Талғат Тұрғанбаев, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы: «Мұндай көліктерді анықтау үшін Шымкент қаласының полиция басқармасымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Бір ай ішінде біз осындай 6 көлікті ұстадық, оның 3-і кедендік рәсімдеуден өтіп, 3 миллион теңгеге жуық ақша төледі. Екеуі кедендік ресімдеу сатысында. Ал 1 автокөлік ҚР аумағынан шығарылды».
Бүгінде Қазақстан бойынша осы схемамен әкелінген 100-ден астам көлік анықталды. Мұндай автокөліктер елден шығарылады. Ал екінші рет тағы әкелінсе, тәркіленуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, шетелдік көлікті тіркеуден өткеннен кейін ғана жүргізуге болады. Жалпы Шымкентте өткен жылмен салыстырғанда сырттан әкелінген темір тұлпарлар саны екі есеге артқан. Жарты жыл ішінде мегаполиске 1,5 мың шетелдік автокөлік әкелініп, ол үшін 3 миллиард 200 миллион теңге кеден салығы төленген.
Жанат Турапбаев, Шымкент қалалық полиция департаменті процессинг орталығының басшысы: «Автокөлік рәсімдеу үшін мемлекеттік баж салығы мен утильалым жарнасын төлеу керек. Сондай-ақ сәйкестік сертификатын алып, кедендік ресімдеуден және алғашқы тіркеуден өтуі маңызды. Жалпы бізде екі жылға дейін 25 АЕК, екі жылдан кейін 50 АЕК, ал содан кейін 500 АЕК. Әрі көлік иелері кеден одағының немесе шет мемлекеттерде берілген мемлекеттік нөмірі мен көлік құралын тіркеу куәлігін ұсынуы қажет».
Автокөлікті кедендік рәсімдеуден өткізгеннен кейін сенімхат беріп, оны сатуға болады. Ал қазақстандық жүргізушілер утильалым жарнасы азайғанымен, кедендік рәсімдеу ақысы әлі де қымбат екенін айтады.
Мөлдір Ибадуллаева