Шымкент қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің №822 автоэкипажы қызмет атқару барысында Төлеметов көшесі бойында «ВАЗ-21014» маркалы автокөлігін тоқтатады. Жедел басқару орталығынан тексеру туралы нұсқама беріліп, сақшылар заңға сай жұмысқа кіріседі.
Аталған автокөлікті қарау барысында қорап ішінен қара түсті тапаншаға ұқсас суық қару мен 1 дана жезден жасалған түйін (кастет) табылды. Одан бөлек, азаматтың шалбарының оң қалтасынан домалақ пішінді пластмасса құты ішінде сақталған жасыл түсті әрі хош иісті есірткі затына ұқсас шөп ұнтақтары тәркіленіп алынды. Автокөлік иесі Қаратау АПБ-ның жедел тергеу тобына жеткізілді.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының полицейлері қаруды дер кезінде тіркеп, оның сақтау ережелерін бұзбауға кеңес береді. Қару, оқ-дәрілеріңіз болса, заңға сәйкес құжаттандырылғанын қадағалаңыз.