Шымкент: Сапасыз жол құрылысы үшін 58 млн. теңге айыппұл салынды

43

Шымкентте жол құрылысын уақтылы және сапалы орындамағаны үшін 58 млн. теңге айыппұл салынған. Ал мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз атанған мекемелерге салынған айыппұл саны 110- ға жеткен. Олардың ішінде 1 мердігер компанияның өзінен 15 рет құқықбұзушылық анықталып отыр. Айыппұл төлемін кешіктіріп, сапасыз жұмыс істегені үшін бірнеше кәсіпкер сот шешімі бойынша жосықсыз қатысушы тізіміне енген.

Шымкентте жол құрылысын жүргізуші кейбір мекемелерге жыл басынан бері 58 млн. теңге айыппұл салынған. Оның қазірге дейін 61 пайызы өндіріліп алынды. Айыппұлды арқалаған жұмысты сапасыз не уақытында орындамаған мекемелер. Ал Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы елімізде жолдардың сапалы салынуы үшін заңға өзгеріс енгізу керектігін айтады.

Талғат Ерғалиев,  Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы: «Ең алдымен сатып алу заңдарын ретке келтіру керек. Алып сату заңдарын дұрыс жасамаған. Қазіргі заң сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. бұл бір, екіншіден, теңгені тұрақталу керек. Сол кезде ғана құрылыс та тұрақты, сапалы болады».

Шымкенттік тұрғындардың қала көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына деген көзқарасы әрқалай. Бірі бәрі жақсы десе, енді бірі жолдың жағдайына мүлдем көңілі толмайтынын айтады.

Жол құрылысы саласында орташа жөндеу жұмыстары бойынша 110 айыппұл салынған. Оның 70-і мердігер компаниялардың үлесіне кіреді. Мердігер мекемелерге жыл басынан бері 44 млн. айыппұл салынған. Тіпті жол салумен айналысқан жеке кәсіпкерлердің ішінде 6 айда 15 айыппұл арқалағандар да бар. Олардың басым бөлігі құрылысты келісімшарт уақытынан кешіктіргендер екен.

Ержан Жолдасов, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқарма басшысы: «Бізде орташа жөндеу жұмыстары көп. Қазір көбіне қаланың шеткі аймақтарының жолдарын жөндеп жатырмыз. Бізде 2025 жылға дейін көлік, инфрақұрылым дамыту жоспары бар. Сол жоспар аясында жұмыс істеп жатырмыз. Біз тапсырыс беруші ретінде жолды тексереміз. Соншама қаржы бөлінген соң біз барып апта сайын-ай сайын тексеріп тұрамыз.  Жолды кешіктіріп жатқан соң ескерту жіберміз. Сонымен айыппұл жинала бастайды. Биыл жыл басынан бері осылай 110 айыппұл салынды».

Ішкі орам жолдарын салу барысында техникалық бақылаушы күнделікті құрылыс барысын назарда ұстауы қажет. Алайда тексеріс барысында бақылаушылар жұмыс орнында болмаған жағдайлар да кездескен. Соған сәйкес 16 техникалық бақылаушыға 7 млн теңге айыппұл салынып, қазір оның 2 млнға жуығы өндіріліп алынды.

Әсел Мәлік