Үшінші мегаполисте ажырасуға өтініш тастаушылардың 70 пайызы әйелдер. Биыл Шымкентте жыл басынан бері 1000-нан аса отбасының шаңырағы шайқалған. Бірақ медиаторлардың арқасында 700-ге тарта отбасы ажырасу туралы ойынан айныған екен.
Шымкентте жыл басынан бері 3515 жұп отау көтерген. Алайда қаламызда 1120 отбасының шаңырағы шайқалыпты. Солардың бірі отағасымен 15 жыл бір шаңырақ астында тұрған Маржан. Ол 4 баланың анасы. Отау құрғалы бері күйеуінің көзіне шөп салып келгеніне шыдай алмай заң жүзінде ажырасуға бекінген.
Маржан: «Біздің арамызда енем көп түсетін, қызғанатын. Күйеуім жалғыз бала болғандықтан көп шақырып алатын. Күйеуіме қоңырау түссе, күн-түн демей шығып кете беретін. Кейін білдім, кейеуім басқа біреумен менің үстімнен жүріп жүрген екен. Сондықтан өмірімді өксіткім келмей ажырасып кеттім».
Елімізде ажырасуға өтініш тастағандарды райынан қайтарып, келісімге келтіруді көздейтін медиациялық кеңес іске қосылған. Судья-медиаторлардың айтуынша сотқа жүгінетіндердің 70 пайызы әйелдер. Оларды тыңдау барысында көпшілігінде материалдық жағдайдың нашарлығы мен отбасыға туыстарының араласуы әсерінен ажырасуға келгені анықталған.
Еркін Отарбаев, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Көп жағдайда материалдық жағдайға, табыс көзінің аз болуына байланысты, мінезіміз жараспады дейді, сондай-ақ екі жастың арасына ата-енелері көп түсіп жатқаны да кері әсерін тигізіп жатыр. Істі қарау барысында барлық мән жайды анықтаймыз. Заң жүзінде шешеміз. Біздің міндетіміз ажырастыру емес, әрбір отбасыны сақтап қалу. Соның ішінде баланың толыққанды отбасында тәрбие алуы. Біз сол бағытта жұмыс жасаймыз».
Биыл жыл басынан бері 2 мыңға жуық ажырасуға өтініш тасталған. Соның ішінде 600-ге жуығы өзара татуласу нәтижесінде арызын қайтарып алды. Ал 70-і медиаторлардың түсіндірме жұмысы нәтижесінде отбасын сақтап қалған.
Еркін Отарбаев, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Өтінштер электронды түрде келіп түседі. Қазір бәрі цифрлы технологиямен байланысты. Айта кететіні ҚР Жоғарғы Сот Неке қию талаптарының нормативтік қаулысы бар. Оған өзгерістер енгізілген болатын. Ол жерге 5 күннің ішінде неке қию туралы құжатының түпнұсқасын алып келіп өткізу керек делінген. Сол құжатты өткізгеннен кейін ғана ажырасу туралы өтініш өндіріске енеді».
Айта кетейік, өткен жылы ажырасуға 3 мыңнан аса өтініш түсіп, оның 2 070-і заң жүзінде отбасын бұзған. Биыл да осы көрсеткіш қайталанып отыр. Ал бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп.
Әсел Мәлік