Шымкентте 2090 тұрғын қашықтықтан мүгедектік тобын алған

45
фото egemen.kz

Елімізде биыл 32 мың азамат сырттай мүгедектік тобын белгілеу пилоттық жобасына қатысқан. Оның 2 мыңы Шымкент қаласының тұрғыны. Жоба тұрғындар мен мамандарды қағазбастылықтан арылтуға бағытталған. Бастама өз нәтижесін берсе, барлық мүмкіндігі шектеулі жандар қашықтықтан құжаттарын тапсыра алады.

Шымкентте мүмкіншілігі шектеулі 10 мыңнан аса азамат бар. Биыл оның 3000-ы сырттай мүгедектік тобын анықтау жобасына қатысады. Жобаға қатысушы Айдана Артықбаева онкологиялық ауыруына байланысты 3 жыл бұрын 3 топ мүгедектігін алған. Оның айтуынша бұған дейін мүмкіндігі шектеулі екенін анықтайтын 1 парақ қағазды алу үшін 20-30 күн уақыты кеткен, ал қазір 3-4 күннің ішінде барлық жұмысы бітіпті.

Айдана Артықбаева, Шымкент қаланың тұрғыны: «Былтыр құжаттарды анда-мұнда тапсырып жүретінбіз. Одан қала берді ВТЭК-ке барып құжат тапсыратынбыз. Биыл емханаға барып анализ тапсырдық. Ары қарай бәрі электронды түрде жүргізілді. Мен үшін бұл өте ыңғайды болды, себебі уақытымды үнемдедім».

Еліміз бойынша сырттай мүгедектігін белгілеуге жататын 12 санат бар. Оның басым бөлігі онкологиялық ауру түрлеріне байланысты. Қазіргі уақытта осы санатқа жататын 2090 шымкенттік тұрғын қашықтықтан мүгедектік тобын дәлелдейтін құжатқа қол жеткізді.

Фарида Қожабаева, Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы: «Дәрігерлер тіркелген науқасты тексеріп, диагноздарын барлық құжаттарын дайындап, 031 қорытынды дайындап жүйеге тіркейді. Одан кейін техникалық ерекшелігі бар ерекшелігі бар, ол жерде аты-жөні барлығы алынып тасталады. Тек диагнозына қарай мүгедектік тобы шешіледі».

Үшінші мегаполисте пилоттық жоба арқылы тасталған 165 азаматтың өтініші кері қайтарылған. Оның басты себебі, қажетті құжаттар толық емес. Бірақ мұнымен мүгедектік тобы алынып тасталды деген сөз емес. Құзырлы орынға жүгінсе, тексеріс процесін қайта бастап, мәліметті жүйеге енгізе алады.

Фарида Қожабаева, Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы: «Бізге құжаттың дұрыс болмауына байланысты ісі қайтарылған адамдар келді. Олар қазір пилоттық жоба болғандықтан қайта қабылдаймыз».

Айта кетейік, қаламызда 44 медициналық мекеме сырттай мүгедектік тобын анықтауға атсалысады. Олар тек құжаттарды қабылдап, жүйеге тіркейді. Ал құжаттарды республикалық деңгейде тағайындалған 3 сарапшы мекеме тексеріп, шешімін шығарады.

Әсел Мәлік