Шымкентте білім беру саласының қызметкерлеріне арналған дәстүрлі «Тамыз кеңесі» өтті. Іс-шара аясында көркем әдебиеттер, робототехника және басқа да өнертабыстар көрмесі ұйымдастырылды. Конференцияда білім беру саласындағы негізгі мәселелер, яғни жалақы, материалдық-техникалық базамен жабдықтау, мектеп құрылысы секілді проблемалар талқыланды. Тамыз кеңесіне қаланың 800-ден астам педагогы шақырылды.
Үшінші мегаполисте дәстүрлі «Тамыз кеңесі» өтті. Қаладағы Достық үйінде білім беру саласымен байланысты әдебиеттің, цифрлық даму мен робототехниканың ауқымды көрмесі өтті. Арнайы құрылған аллеяға №80 айти мектебі де оқушылардың туындыларын алып келген. Олардың қатарында жоғары сынып оқушылары жасап шығарған «бионикалық қол» да бар.
Нұрсұлтан Саха, №80 IT мектебі нформатика пәнінің мұғалімі: “Бізде бионикалық қол бар. Мұны біз мектебіміздің оқушыларымен жасаймыз. Сыртқы қаңқасы 3Д принтерде жасалынған. Бұл жалпы, бионикалық қолдың атқаратын қызметі – қолы жоқ немесе сынған, кемтар жандарға арналған. Екі функцияда жұмыс жасайды. Жест арқылы немесе код арқылы”.
Ал мұнда робототехниканың керемет үлгілері таныстырылды. Мәселен, мына робо-қол жарты литрлік су бөтелкесін жеңіл көтере алады. Сондай-ақ, құрастырушылардың қоржынында квадрокоптер, жол таңдамайтын көліктер де бар. Ал бұл өнімдерді 18 жасқа дейінгі «Робопарк» мектебінің оқушылары құрастырып шыққан.
Ерлан Сайдазимов, «Robo Park» орталығының әкімшісі: «4 жастан бастап, 18 жасқа дейінгі балаларды ІТ саласында оқытамыз. Топ екіге бөлінеді. Менің қолымдағы Мэйк Блок роботы – платформасы, миы, доңғалақтары бар. Бұл жол таңдамайтын көлік, танк болып саналады. Мұны 12 жасар балалар жасап шығарды. 2-3 сабақтың ішінде құрастырылады. Бізде бір сабақ 1,5 сағатқа созылады. Аптасына екі реттен болады».
Сондай-ақ, «Тамыз кеңесінде» білім беру саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер және жаңа оқу жылына арналған жоспар талқыланды.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: “Жалпы бүгінгі жиынның өзінде бірінші қабатта цифрлық білім беру платформалар аллеясы құрылды. Жаңа оқу жылында цифрлық платформаға көшу, ашықтықты қалыптастыру, білім беру саласындағы жақсы жетістіктерге жету жолдарында осы цифрлық білім беру жүйсеінің жұмыстарының арнайы көрмелері ұйымдастырылды. Жыл бойы ұстаздармен атқарған әдістемелік жұмыстардың көрмесі – онда үздік педагогтардың жұмысы, үздік авторлық бағдарламалар насихатталып отыр”.
Тамыз кеңесінде қаланың 800-ден астам педагогы қатысты. Педагогтарға арналған конференцияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, білім беру саласындағы бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, келесі жылы мұғалімдердің жалақысы 25% — ға өседі. Ал 2025 жылға дейін Шымкентте жалпы 101 жаңа мектеп салынады. Қазіргі таңда оның жартысы бой көтеріп қойған. Нәтижесінде, 2023 жылы мегаполисте үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі деп күтіліп отыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: “Осыдан 4 жыл бұрын, Шымкент қаласының бюджеті 146 млрд. теңге болатын. Жалпы Шымкенттің дамуы, әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласын дамытуға. 4 жыл өтті, бүгінгі күнде тек қана білім саласына 176 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Білім саласын дамытуда материалдық-техникалық базаға қаражат бөліп жатырмыз”.
Сонымен қатар, жиында білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздар оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен, арнайы төсбелгі, медальдармен марапатталды.
Ұлжалғас Есім, ардагер ұстаз: «Саналы ғұмырымды білім беру саласына арнаған жанмын. 40 жылдан астам уақыт балалар және жасөспірімдерге тәрбие және білім беру саласында жұмыс істеп келемін. Бұл марапаттек менің емес, менімен бірге иық тіресе жұмыс істеген әріптестерімнің арқасы. Бүкіл ұжымның, еткен еңбектің нәтижесін көрсете білген шәкірттерімнің арқасы деп білемін. Үлкен рақмет!»
Мектептерде 103 мың бастауыш сынып оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Ал 58 мыңнан астам балаға мектеп формасын алуға қаржылай көмек көрсетілді.
Қала басшысы модификацияланған кабинеттердің үлесін 80%-ға дейін жеткізуді, инклюзивтік білімге назар аударуды тапсырды.