Шымкенттік ақын Қырғызстанда өткен айтыста 1 орын иегері атанды

75

Шымкенттік ақын Қырғызстанда өткен ел аралық айтыста 1 орын иегері атанды. Ыстықкөл ауданы Қарқыра жайлауында өткен дүбірлі доданы ел президенті келіп тамашалаған. Жүлдегер ақын қырғыз жерінде ұйымдастылырған қос бәйге жайында пікірімен бөлісті.

Шымкенттік айтыскер ақын Қырғызстанда өткен халықаралық байқаудан 1 орынды қанжығасына байлады. Ақындар айтысы Қарқыра жайлауында Қырғызстан Республикасы президентінің қатысуымен өткен. 10 мың халықтың алдында өнер көрсеткен Қажымұхан Абзалов Шымкенттегі Қаратау өнер мектебінің ұстазы.

Қажымұқан Абзалов, айтыскер ақын: «Бауырмыз, доспыз деп сахнаға шықтық. Жеребе тасталды. Құбат Төкешов деген қырғыздың мықты ақыны бар. Кейінгі ақындар арасында ең мықтысы. Сол кісімен жұп болып, тамаша айтыс жасадық. Екінші сол қырғыз ақындарының бас бәйгесін алған Мақсат Құлиев деген ақынмен щықтым».

Айыр қалпақты ағайын ақындар айтысын жергілікті ақын Советбек Жұмаділов пен Тіролбай Сыдықбековтың 110 жылдығына орай ұйымдастырған. Дүбірлі додадан жүлдемен оралған ақын, көрші елде жүріп бір түйген ойымен бөлісті.

Қажымұқан Абзалов, айтыскер ақын: «Біздің Қырғыздар алдында бір ұятты жеріміз бар. Біз ол кісілерді айтысқа шақырмаймыз. Біздің елде ақындар өте көп. Ал ол жақта аз. Ал халықаралық жарыс жасасақ, тек 1-2 ғана ақын келеді. Сондықтан да бізге өз наздарын айтады. 1 қырғызбен халықаралық айтыс жасайсыңдар деп. Ал біз бұған дейін 8 ақын, 6 ақын болып барғанбыз. Бұл жолы 4 ақын бардық».

Ұлағатты ұстаз қазіргі таңда 15 шәкірт тәрбиелеп келеді. Олар қазір қалалық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Ал шәкіртінің айтуынша жетекші ұстазы түрлі тиімді идеяның қамбасы көрінеді. Сондықтан ол барлық байқауларда оқушыларына өзінің бағыт-бағдарын беріп, тура жол сілтеп отырады екен.

Шұғыла Ермахан, шәкірті: «Мен Қажымұқан Абзаловтың шәкіртімін. Қажекең бізге үйреткен білімдері де ғылымдары, өмірлік кеңестері де бізге өте керек дүниелер. Түсіндірген дүниелері көңіліңе қонымды. Жақсы түсіндіреді және сенің зейінің ары қарай ашылу үшін түрлі ойындар ұйымдастырып, насихат жұмысын жасап та түсіндіреді, үйретеді».

«Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі Қазақстандағы ұлттық өнерімізді дәріптеуге бағытталған бірден бір білім ордасы. Мұнда төл өнеріміздің аясын кеңейту мақсатында айтыс сыныбы да ашылған. Қазір Майлықожа атындағы айтыс сыныбында 2 ұстаз дарынды жастарға бар білген-түйгенімен бөліседі.

Жандос Мырзабеков, Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы: «Осы Қаратау мектебінде бірге сабақ береміз, әріптеспіз. Десе де біз ол кісіге әлі де шәкірт сияқтымыз, әлі де алатын дүниеміз көп. Себебі оның бізге қарағанда тәжірибесі мол. Мемлекеттік іс-шараларға барғанда қағытып, қалжыңдап, айтыс бастап кететіні бар. Мысалы мен арнау айтамын, сен терме айт деп барып, бірден айтыс бастап кететін кездері бар, өзі сондай шоуға жақын».

Суырып салма ақын Қажымұқан Абзалов қалалық өнер мектеп интернатында Әбдіхалық Әбдірайымұлы, Карима Оралова сынды ұстаздардан тәлім алған.

Әсел Мәлік