Тамыз кеңесі аясында ұстаздарға арнайы көрме ұйымдастырылды

69

Түркістан облысында ерекше форматта басталған тамыз кеңесі аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Облысқа қарасты аудан-қалалардың педагогтары тәжірибе жинау мақсатында Түркістан қаласындағы білім беру мекемелері мен спорт нысандарын аралады.

«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет». Түркістанда осы тақырыппен облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев аудан-қалалардан келген ұстаздармен бірге білім ошақтарын аралап, жоспармен таныстырды. Сондай-ақ, педагогтар кітап көрмесі мен жергілікті жастардың жобаларын тамашалап, қосымша білім беру және спорт нысандарында болды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «27 қазанда біз үлкен конференция ұйымдастырып жатырмыз, бүкіләлемдік конференция. Екі секциядан тұрады. Біреуі – мавзолей, екіншісі – Ахмет Яссауи. Соған шақырамыз, қызық болады. Бүкіл әлемдегі осымен айналысатын барлық адамды шақырдық».

Тамыз кеңесі шеңберінде өңірдің 17 аудан-қаласында тірек мектептер жасақталатын болды. Жоба аясында Назарбаев зияткерлік мектептерінің әлеуетін 17 тірек мектебіне енгізіп, оқу-әдістемелік сүйемелдеу жүргізіледі. Нәтижесінде мұғалімдердің сапалық құрамы мен мектептердің материалдық мүмкіндігі жақсарады деген жоспар бар. Сонымен қатар, «Farab» кітапханасындағы «Fablab» еңбек пәнінің жаңа үлгісін көрсететін шеберхана желісін енді Кентау, Арыс, Ленгір қаласында ашу көзделіп отыр.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Жастар өздері қызық. Тек қана кітапханамен отырмай, зерттеу жүргізіп жатыр. Конгрес АҚШ-тың кітапханасы бар, сонымен байланысты».

Өңір басшысы Түркістанда спорт және білім саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп келетінін атап өтті. Мәселен, биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енген. Яғни, қорытынды бойынша облыс республикада екінші орында орында тұр.