Тексеріс қаржы игерілгеннен кейін емес, қаражат түскен сәттен басталады

50

Заңсыз жолмен байып қалуға, ебін тауып қарпып қалуға құмартатындар азаймай отыр. Бірақ, қылмыстың үлкен-кішісі жоқ.

10 мың теңге пара алып, ұсталса да сотталады. Жемқорлық қылмысы бойынша статистика биыл 30 пайызға бірақ өскен. Жарты жылдың ішінде 1300 іс тіркелді.

Әсіресе ауыл шаруашылығы 55 адам, әлеуметтік қамсыздандыру 47, денсаулық сақтау 33, құрылыс 31, білім беру 30 салаларында сыбайластық өршіп тұр. Мемлекеттік сатып алудың айналасы да ебін тауып екі жеп кетуге дағдыланған. Өйткені, бұл салада жылына 6 трлн. теңге айналады. Оның кем дегенде 10 пайызы жемқорлардың қоржынына кетіп жатыр. Әлі күнге дейін сатып алудың 46 пайызы бір көзден алынады. Яғни, бәсекелестік ортаға шықпайды. Оның да арты – қылмыс.

Ауыз су, мектеп, аурухана, жол салуға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп, соңында зардабын халық көреді. Бұдан былай жемқорлармен күрес тәртібі өзгереді.

Бұрынғыдай тексеріс қаржы игерілгеннен кейін емес, керісінше қаражат түскен бойдан бақылау басталады. Яғни, кез-келген жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері басынан бастап сүйемелдейді.

Шынар Оразова