Түркістанда облыс әкімі кезекті рет басқарма басшыларын алдына жинады. Шарада өңірде орын алған өзгерістер мен атқарылған жұмыстардың сапасы талқыға түсті. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, экономикалық өсім мен әлеуметтік саладағы атқарылған тірліктер тізбектеліп, мамандар аймақ басшысына есеп берді.
Түркістан облысында биыл 88 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ал «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде 70 250 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген. Бұл туралы Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы облыстық аппарат отырысында мәлім етті.
Әсия Темірбаева, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «2021-2025 жж ұлттық жобалар Еңбек бағытында 23 млрд. теңге бөлініп, 70 мыңнан аса адам жұмыспен қамту жоспарланған. Ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 7 086 адам жұмыспен қамтылады. Жеке бастамалар арқылы 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тартылады».
Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша Түркістан облысында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Десе де өңір басшасы аудан әкімдеріне жиын барысында барлық тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту туралы тапсырма берді.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Әкімдердің ең басты міндеті жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұған дейін де айтқанмын. Әр ауылдан орта, шағын бизнестер бойынш жұмыс орнын ашу керек. Ол үлкен бизнестермен өнбейді».
Жиында одан бөлек экономикалық өсім мен жаңа жобалар жайында да сөз қозғалды. Соның бірі ауыл шаруашылығы саласында алға жылжу көптеп байқалады. Егін шаруашылығында биыл өсім өткен жылмен салыстырғанда 14.3 пайызға артқаны байқалған.
Қанат Қайыпбек, Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «Негізгі 7 айдың көрсеткіші бойынша өсім ауыл шаруашылығы өнімдерінде байқалды. Бірінші егін шаруашылығында, екінші мал шаруашылығында. Сонымен қатар инвестиция саласында да өсім бар. Мысалы 1,4 пайызға көрсеткіш артқан».
Айта кетейік, аймақта 7 мыңнан аса жұмыс орнын «Электронды еңбек биржасына» тіркеу қолға алынды. Ал қазірге дейін 300-ге жуық жоба аясында ашылған 3326 жұмыс орыны Электронды базаға жарияланып, оның 45 % -ы халықты жұмыспен қамту бойынша іске асты.
Әсел Мәлік