Түркістан: «Мейірім» акциясы 1 мыңға жуық балаға көмек көрсетеді

91

Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан қаласы әкімдігі «Мейірім» акцясын өткізді. Шара аясында демеушілердің қолдауымен көпбалалы және аз қамтылған отбасындағы 200 — ге тарта ұл қыздар мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Акция 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Облыс орталығы Түркістандағы оқушылар сарайында мерекелік шара ұйымдастырылды. Ел президенті мен өңір басшысысының тапсырмасымен қолға алынған «Мейірім» акциясы аясында шаһардағы көпбалалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары мектепке керекті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуде. 5 баланың анасы Жайна Қамысбектің үш баласы бүгінде мектепте білім алады.

Жайна Қамысбек, Түркістан қаласының тұрғыны: «Бес баланың анасымын. Осындай қиын  заманда қолдау көрсеткені үшін рахмет».

200 мыңнан астам халқы бар Түркістан демографиялық өсім бойынша республикада алдыңғы қатарда. Сондықтан өңірдің кәсіпкерлері көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып, қолдау көрсетуде.

Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан қаласының әкімі: «Балалар біздің мемлекетіміздің болашағы. Бүгін міне 200 балаға мектепке сөмке оқу құралдарын сыйға тартып жатырмыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы акцияның өтуіне мұрындық болған кәсіпкерлерге алғыс айтпақпын. Ал балаларымыз оқуда озат білім көрсетіп, еліміздің азаматтары  болуына тілектеспін».

Қала әкімі қайырымдылық шарасы мұнымен шектелмейтінін айтады. Оқу жылы қарсаңында көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына мектеп формасын сатып алуға қаржылай қолдау көрсетеді.