Түркістан қаласында Сарыағаш ауданының мәдениет күндері өтті. Шаһардағы Керуен сарай туристік кешенінде ұйымдастырылған «Түркістан – текті төріміз» атты концертте «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі мен вокалды аспаптар ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
29 шілде мен 31 шілде аралығында Ер Түріктің бесігі саналған Киелі Түркістан төрінде Сарыағаш ауданының мәдениет күндері өтті. Салтанатты шараның алғашқы күнінен-ақ өз өнерін түркістандықтар мен қала қонақтарына паш еткен «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі мен вокалды аспаптар ансамблі көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Сарыағаштық өнерпаздардың өнеріне тәнті болған көрермендер оларға өз бағасын беріп, аталмыш концертті ұйымдастыруға мұрындық болған жандарға алғысын білдірді.
Аталған 3 күн ішінде көпшілік сарыағаштықтардың өнерін ғана тамашалап қоймай, «Шебер қолдар» және «Жәдігер жауһарлар» атты тарихи көрме, сондай-ақ «Қарашығымдағы Сарыағашым» атты фото көрмесімен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша аталған концерттік шара қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени әрі рухани демалыс сыйлау мақсатында өткізіліп жатыр. Көпшілік шараның алғашқы күндері Сарыағаш мәдениетімен таныс болса, алдағы уақытта өзге аудан өнепрпаздарының да өнеріне куә болмақ.
Аида Қарсыбайқызы