Түркістанда 67 метрлік бассейні бар демалыс орны ашылды

142

Түркістан қаласы балалар жылы аясында бүлдіршіндерге сыйлық жасады. Облыс әкімдігі қаланың орталығынан «Ашық аспан» демалыс орнын ашты. Ересектер мен балаларға арналған бассейні бар кешен Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы 11 гектар жердегі «Желілік саябақта» орналасқан. Пандемия кезінде салынып, ашылуы кейінге қалдырылған аумақ қазір сенімдерлік басқаруға берілді.

Түркістанда 67 метрлік бассейні бар ашық аспан астындағы демалыс орны ашылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір күнгей өңірдегі су тапшылығына қарамастан, тұрғындардың дұрыс демалуына жағдай жасау үшін барлық шаралар қолданылуда. Бірнеше демалыс аймақтары салынып, ел игіліне берілген. Олардың бірі «Ашық аспан» орталығы.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Түркістанда су тапшы екенін жақсы білесіздер. Соған қарамастан, тұрғындардың демалуына мүмкіндік жасалу керек. Жақында ғана «Шаға» жағажайы ашылды. Барлық саябақтарда жасанды көлдер бар. Оған өздеріңіз куә болып жүрсіздер. Осының барлығы оңай тірлік емес. Көлдерді көбейту арқылы климатты жақсарту көзделген. Бұл жұмыстар білікті ғалымдардың атсалысуымен есептеліп жасалуда. Бүгінгі демалыс аймағы да біздің балаларымыз бен тұрғындардың бос уақыттарын қуана-қуана өткізетін орнына айналады деп үміттенеміз».

Алдағы уақытта демалыс орнында инвесторлар тарапынан дәмхана мен мейрамханалар салыну жоспарланып отыр. Бұл – жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді дейді сала жауаптылары. Сондай-ақ мұнда балалар мен ересектерге арналған фильтрациясы бар бассейн мен фут-корт орналасқан. Жалпы, барлық жағдай қарастырылған бұл кешен қала халқының да көңілінен шықты.

Демалыс аймағында орналасқан 1,5 метрлік монолитті бассейн бір мезгілде 200 адамды қабылдай алады. Ал балалар бассейнінің тереңдігі – 80 см. Сондай-ақ бассейн судың тазалығын қамтамасыз ететін тазалау сүзгілерімен жабдықталған.