Түркістан: Мамыр айында 2 зауыт ашылады

11

Түркістан облысына бір топ сенатор жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сенат депутаттарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Алдағы жоспарларды баяндап, негізгі басымдықтарға тоқталды.

Түркістан облысында бірнеше тамшылатып суару зауыты ашылады. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды сенаторлармен кездесу барысында мәлімдеді. Жиында өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоспарлар баяндалды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Президентіміз айтқандай су үнемдеу технологиясына мән беріп жатырмыз. Мамыр айында 2 зауыт ашамыз. Арыста, Келесте, Сарыағашта, Жетісайда тамшылатып суару зауытын ашуды жоспарлап отырмыз»

Кездесуде жұмыс сапарымен Түркістанға ат басын тіреген Сенат депутаттары да өз пікірін ортаға салды. Сенаторлар әлеуметтік маңызы бар, ел нақты талап етіп отырған жобаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы: «Сабыр Адай айтқандай, «Әр қазақ менің жалғызым». Әрбір өңір біздің жалғызымыз. Түркістан дегенде, жүрегіміз езіліп тұрады. Мұндағы рухани құндылықтар біздің бұл  дүниеде жүрген пенде екенімізді еске салады. Біз киелі өңірге келіп, Әзірет бабамыздың, Арыстан бабтың басына барып құрбандық шалдық. Жол бойы облыста қандай проблемалар бар, бәрін жан жақты пысықтап, ақылдасқандай болдық. Әрі қарай жұмыс жасаймыз. Жұмыс жасауға біз әрқашан дайынбыз»

Сенаторлар облыстағы бастамаларды оң бағалап, кәсіпорындар, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстардың орынды екеніне тоқталды. Сондай ақ, киелі өңірді дамытуда бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін де жеткізді.