Ел президентінің тапсырмасына сәйкес «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы аясында фермерлерге агротехника тапсыру жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылы 5-ші тамызда басталған болатын. Бағдарламаны іске асыру үшін 40 млрд. теңге қаражат жұмсалады деп жоспарланып отыр.
Жеңілдікті лизинг бағдарламасы бойынша алғашқы «Беларусь» тракторын сатып алуға өтінімді 11 тамызда тапсырғандардың бірі Келес ауданындағы «Оралбай» шаруа қожалығының төрағасы Оралбай Омаров. Осыдан он жыл бұрын шаруашылығын бастаған фермер жеңілдікпен техника алу жұмысымызы оңтайланырып, өнім көлемін арттыруға да мүмкіндік береді дейді.
«500- дей уақ малым, 20-дай жылқым, 15 сиырым бар. Оларға мал азығын шөп дайындау үшін трактор таптырмайтын техника. Енді 10 жылда құтыламын»,- дейді Келес ауданының фермері Оралбай Омаров.
Беларустық трактордың құны 11 млн. 700 мың теңге. Бағдарламаның қолжетімді талаптары отандық өндірістің техникасына сұранысты жоғарылатып отыр. Айта кетейік, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 19,6 млрд теңге сомасына 276 өтінім түскен.
Алтынбек Нышанов, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиал директоры: «Лизинг мерзімі 10 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз , бастапқы жарнасыз, Негізгі борышты қайтару бойынша жеңілдіктің кезеңі 1 жыл. Өте тиімді».
Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында жылдың соңына дейін мыңға жуық агротехника үлестіріледі деген жоспар бар. Бұл мақсатта, «Жасыл Даму» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ есебінен 40 млрд. теңге қаражат жұмсалмақ.