«Жерді қазуын тоқтатсын!»: Ордабасы тұрғындары карьер зардабын тартып отыр

98

Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінің тұрғындары карьерден әбден мезі болғандарын айтады. Сөздерінше, 15 жылдан бері жерді қазып келе жатқандардар экологиялық апат тудыруы мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде су деңгейі төмендеп, арнасы бұзылған. Ал, бұрындары «Қызыл кітапқа» енген жыңғыл өсімдігі қаулап өсетін аумақ, қисапсыз қазбалардан кейін тақыр жерге айналыпты.

«Шыдамның да шегі бар» деген Ордабасы ауданы Қараспан ауылдық округінің тұрғындары бір кәсіпкердің бизнесінен бүкіл халық зардап шегіп отыр дейді. Айтуларынша, 15 жылдан бері жерді қазып келе жатқандар күн өткен сайын жұмысын үдете түскен. Салдарынан аймақтағы судың деңгейі төмендеп барады деп ашынады жұрт.

Жасдәурен Өтенбаев, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Бізде піспе құдық. Соның өзі қазір шықпай қалды. Бұрын бір піскенде 2,5 су шығатын еді. Қазір оны шығару үшін 10-20 рет пісу керек».

Болат Сүлейменов, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Ауыз су, піспе құдықтан су шықпайды. Судың деңгейі төмендеп кеткен. Амал жоқ көршілерден тасуға тура келіп жатыр. Баклашкамен су тасып жүргендерін көрдім өз көзіммен».

Бір күндері демалыс орны болған бұл аумақта қазір адам қарасы көрінбейді. Өйткені, Арыс пен Бадам өзені тоғысатын мекен адам төзгісіз жағдайға жеткен. Су лайланып, көркі бұзылған. Оған да карьер игерушілер кінәлі дейді тұрғындар.

Жолбол Жақыпов, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Мына арнаның бойы машина түгіл адам келе алмайды. Қазып тастаған. Қоқыс тола. Қазылып жатқанына 15 жыл болды. Мына Арыс пен Бадам тоғысқан жер тарихи орын Кезінде Ақсақ Темір тоқтаған деп жазылған кітаптарда. Бала кезімізде өзіміз де талай шомылдық. Автобус-автобус адамдар келетін ед. Қазір ше, міне ешкім жоқ. Шомылуға тіпті келе алмаймыз».

Мұнда «Қызыл кітапқа» енген жыңғыл өсімдігі өседі. Алайда қарапайым халықтың айтуынша, кәсіпкер оған да қарап жатқан жоқ. Ал осы өсімдікті жергілікті тұрғын жұлса, учаскелік инпектор бірден айыппұл салатын көрінеді.

Жасдәурен Өтенбаев, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Шара қарапайым халыққа қолданылып жатыр. Бұлардың есебі жоқ. Бұлар да құжаты бар да қолында. Міне мына жерді сатып алғанбыз. Жыңғылы бар ма, басқасы ма құртса құртсын, өздерінің уақытында не істесе ол істейді да кетеді. Бұл жерде сорлап қалатын қарапайым халық».

Ал кәсіпкерді жауапкершілікке тарту үшін тұрғындар арыздануы қажет екен. Кері жағдайда, жерді тақырға айналдырғандарға ешқандай шара қолданылмайтын көрінеді.

Данабек Әбдіхан, учаскелік инспектор: «Бізге арыз-шағым түскен жоқ. Біздің де мың сан жұмысымыз бар мысалы. Осы ауылдық окрукте 16 ауыл бар. Енді біз күнде тоғайда жүрген жоқпыз ғой».

Учаскелік полицияға ешқандай арыз түспесе де, аудан әкімдігі мен облыстық арнайы комиссия карьер игеріп жатқандардың ісінен бірқатар заң бұзушылықтар анықтаған. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаевтың сөзінше, кемшіліктері үшін ЖШС-не 51 млн. теңге айыппұл салынған. Алайда, әзірге сот шешімі шықпапты. Егер тағы да заңбұзушылық анықталса, кәсіпкер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады екен. Ал оған дейін қазып тастаған жерді тегістеу жұмыстарын жүргізуі керек.

Азат Оралбаев, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары: «Біз егесімен сөйлестік. Заң талабына сай, бірінші тегістеу жұмыстарын жүргізеді. Қазір қазан айына дейін аяқтаймыз деп отыр. Біз оны қадағалаймыз. Ал жұмысын тоқтату бойынша, егер жұмыс тоқтату керек болса, тоқтатамыз деп уәдесін беріп отыр. Қазір айыппұл салынады, егер ол тағы да қайталанатын болса, келісімшартты бұзуға тура келеді.».

Карьер игеруші компания жерді 2049 жылға дейін жалға алған. Яғни, осы жыл аралығында жерді қазу жұмыстарын жүруге құқылы. Алайда жергілікті тұрғындар бұған түбегейлі қарсы. Егер кәсіпкер жұмысын тоқтатпаса, олар үкімет пен Президенттен көмек сұраймыз деп бекініп отыр.

Мөлдір Ибадуллаева