Жетісай ауданы Жеті қазына ауылында 10 жыл бұрын берілген мектеп жарамсыз күйге түскен. Биыл білім ордасы апатты деп танылған. Ондағылардың сөзінше, салынған соң бір жылдан кейін-ақ мектептің қабырғалары жарыла бастапты. Ал іргетасы отырған соң, екі жыл бұрын ғимараттың бір бөлігін жауып тастаған. Дегенмен, аудандық білім бөлімі бұл мектепке оқушыларды биыл да қабылдаймыз деп отыр.
Әбілхан Қастеев атындағы орта мектеп осыдан 10 жыл бұрын ғана салынған. Алайда, осы уақыт ішінде 250 бала оқитын білім ұясында қабырғалар сөгіліп, едені ортасына түсіп кеткен. Мердігер мекеменің жұмысшылары жарықтарды құрылыста қолданылатын көбікпен бітеп әлек. Қауіпті болған соң мектептің бір бөлігін жауып, балаларды ғимараттың екінші жартысында ғана оқытып келген екен. Мектеп өкілдерінің сөзінше, олар құрылыс компаниясын жылда шақыртатын көрінеді.
«Фундамент жарты метрге отырды ғой. Мына жағы бар, мына жағы бар өзім ішінде жүрмін. Қорқатындай болып отырмын. Қабырғалар жарылып жатыр сөгіліп. Бір жерін жамасақ, екінші жері кетіп жатыр. Ол жерді жамасақ, басқа жағы кетеді. Кейбір бөлмелерге барсаңыз көп ашылып кеткен», — дейді мектеп жұмысшысы Молдатілеу Санаев.
Нұрқозы Мәмбетов бұл мектептің қалай салынғанын толық көргенмін дейді. Сөзінше, о баста білім ошағының қабырғасы да талапқа сай қаланбаған. Қазір тіпті мектептің есіктері де жабылмайды. Ал жаңбыр жауса төбесінен су өтетін көрінеді. Салдарынан, бөлмелердің қабырғалары көгеріп, кафельдер түсіп жатыр екен.
Нұрқозы Мәмбетов, Жеті қазына ауылының тұрғыны: «Котловандағы салған кезде де теміржолдағы шебень дейді ма, басқа дейді ма, нұқыл топырақ-сопырағымен осы котлованға төкті. Мына жерде фундамент жоқ астында. Мұны дәу-дәу холл ұқсатып істеген дағы, ортасынан жарты қыштан өріп шыға салған. Мына фундаментті құйып жатқанда да арасына арматураны кем салды. Салған жеріне салды, салмаған жеріне қалды».
Биыл мектеп басшылығы техникалық сараптама жүргізген. Мамандар мектепті апатты деп танып, сүру керек деген қорытынды шығарған. Десе де, аудандық білім бөлімі мектепті салған мердігерге күрделі жөндеуді тапсырып, бұл жерге биыл да оқушыларды қабылдаймыз деп отыр.
Тұрсын Мырзалиев, Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
«2022 жылғы шілде айында алынған техникалық қортындыда бұл мектепті апатты жағдайда деп таныды. Жөндеу жұмыстарына өте көп қаржы кететінін және соған орай оны апатты деп тану туралы шешім қабылданған. Мердігер тарапынан қазір жөндеу жұмыстары аяқталған жағдайда мектепке біз оқытатын боламыз».
Жеті қазына ауылының тұрғындары балаларын апатты мектепке жіберуге үрейленіп отыр, әрине. Олар тіпті көрші ауылдарға барса да, балаларының қауіпсіз жерде білім алғандарын қалайды. Сол себепті жасалған жөндеу жұмысының сапасын құзырлы орындар тағы да тексерсе екен дейді.