Шымкентте дәл қазіргі уақытта бірнеше мектептің жанынан қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бала санының артуына және сынып жетіспеушілігіне орай мәселенің осылайша түйіні тарқатылуда. Қаладағы № 45 мектеп-гимназияның жанынан қосымша ғимарат салынып жатыр. Құрылыс аумағы 1 гектардан аса жерді құрайды.
Мектеп ғимараты Шәмші Қалдаяқов көшесінің бойында орналасқан. Қала орталығындағы білім ұясында оқушылар саны көп. Білім ошағының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Әрі қала әкімінің қатаң бақылауында тұр. Қала басшысы Мұрат Әйтенов пен қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жуырда ғана аталмыш мектептегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Қала әкімі мердігерлерге бірқатар тапсырмалар берді. Мұнда құрылыс жұмыстары аяқталса, 25 оқушыдан тұратын 12 сынып ел игілігіне беріледі.
Сондай-ақ, онда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы да қарастырылған. Ғимарат осы жылдың көктем айында салынып бастады. Жоспар бойынша 300 орындық нысан келесі жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.
Жаңа ғимарат біткен соң оқушылар кең де жарық, заманауи жабдықталған мектепте білім алатын болады. Ол үшін қала әкімі құрылыстың сапалы болуын қатаң тапсырды. құрылыс нормалары қатаң сақталынуы қажет екендігін ескертті.
Бүгінде Шымкент қаласында қосымша ғимарат салынып жатқан мектептер баршылық. Бала санының көбеюіне байланысты мектеп тапшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан да мектеп салу мәселесі өткір тұр.
Тұрғындар тарапынан да жаңадан салынып жатқан шағынаудандарда мектеп салып беру туралы өтініштер көптеп түсуде. Осыған орай, жергілікті билік бұл мәселеге баса назар аударып отыр.
Алдағы жылдары салынатын мектеп құрылыстарын көбейту жоспарда тұр. Оның үстіне үш ауысымды мектептер санын қысқарту үшін де жұмыстары атқарылуда.