Ордабасы ауданы, Бадам ауылындағы екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бадам ауылындағы екі қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылы басталған. Мердігер мекеме — «СтройЖолСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Үйдің жалпы алаңы 832 шаршы метрді құрайды. Қабырғасы күйген қыштан тұрғызылған. 5 пәтер – 2 бөлмелі, 7 пәтер – 1 бөлмелі. Үй аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде.
Аудандық тұрғын үй комиссиясының 19.08.2022 жылғы №4 хаттамалық шешімімен 12 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестіріліп отыр.
Атап айтар болсақ: 5 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 4 пәтер көпбалалы отбасыларға, 3 пәтер жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.
Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй кезегінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша – 772, «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша – 526 азамат кезекте тұр.
Берілген 9 пәтер аталған азаматтардың санына пропорционалды түрде бөлініп беріліп отыр. Ал, 3 пәтер (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы, 4-тармағына сәйкес үлестіріліп отыр.