Байқоныс ауылында шешімін таппаған мәселе көп

150

Жетісай ауданына қарасты Байқоныс елдімекенінде қордаланған мәселелер жетерлік. Оның бірі салынғанына 2 жыл болмастан тозығы жеткен спорт алаңшасы болса, енді бірі инфрақұрылым жүйелері. Осыдан 2 жыл бұрын ауылға газ орнату үшін құбыр тартылған. Бірақ әлі күнге көгілдір отынға қосылмапты. Өркениеттен артта қалдық деп қынжылған тұрғындар уәжін толығырақ келесі бейнематериалда тарқатып айтамыз.

Байқоныс ауылында жаңадан ел игілігіне берілген спорт алаңының бүгінгі сыйқы осындай. Қазір алаңның қоршау сымдары үзіліп, ортасы жантақ басып кеткен. Ауыл тұрғындары миллиондаған мемлекет қаражаты желге ұшып кеткеніне қынжылады. Себебі көптен күткен нысанның құрылысын мердігер мекеме соңына жеткізбестеп тастап кетіпті.

Нұрлан Дәулетов, Байқоныс ауылының тұрғыны: «Екі жылдан бері қалды осы күйі. Көріп тұрғандарыңыздай сетканың барлығы ашылып кеткен. Сапасыз істелген. Бұл жерде не стадионымыз жоқ. Басқамыз жоқ. Мынау құры әшейін қаңқа болып қалды. Сваркасы ажырап жатыр оның. Оларды көрмегенімізге анық бір жарым жыл болды»

Жергілікті халықты толғандырған проблеманы бірі — көгілдір отын. Тұрғындар әлі күнге тас көмір тасып әлекке түсіп жүргенін айтады. Оның үстіне елдімекен аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан биыл көмір бағасы да шарықтап кеткен. Ауыл халқы осы мәселемен 2 жылдан аса әкімдік табалдырығын тоздырып жүргенін айтады.


Тағабек Өмірбекұлы, Байқоныс ауылының тұрғыны: «Халық ашынып, жылда қара күзге дейін күтіп отырады. Газ келіп қалатын шығар, биыл шығынданбайтын шығармыз. Күл шығармайтын шығармыз дегендей мәселемен. Мен өзімді айтайын мысалы, өткен жылы мен 200 мың теңгеге көмір алдым».

Айткүл Бердімұратова, Байқоныс ауылының тұрғыны: «Барлық нәрсе қымбаттап кеткен ғой қазір. Ағашың да қымбат, көмірің де қымбат, ұның да қымбат. Іләжі болса алауды ертерек берсін. Біз де жаңағы келіндеріміз күйелеш-күйелеш болмай, әдемі болып газ жағып өмір сүрейік».

Жауапты мамандар елдімекенге көгілдір отынды қосу келесі жылғы жоспарға енгенін айтады. Себебі аймақты толық қамтамасыз ететін газ станциясының құрылысы әлі аяқталмаған. Ал, спорт алаңының жырымен аудандық атқамінерлер таныс болып шықты. Олар бәріне күтіп ұстамаған ауыл балалары кінәлі деп отыр.

Еркебұлан Сейдалиев, Жетісай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы: «Ол жерде доп тигеннен кейін сымдар ажырайды ол. Кешке балалар ойнайды. Үстінен секіріп өтеді, майысады. Балалар ойнаған кезде көп ойнайтын болғандықтан, ойнай беріп сымдар жоқ болып кетеді бізде. Топыраққа айналып кетеді».

Аудан әкімдігі қараусыз қалған спорт алаңшасын қолға алып, күзде қайта жөндеуден өтеді деп сендірді. Тіпті арнайы маман бөлініп, қарамағына алатынын да жеткізді.