Елімізде астық құнсыздануы мүмкін

51

Елде астық құнсыздануы мүмкін. Құзырлы одақ өкілдері осылай дабыл қағып отыр. Үшінші сұрыптағы дәнді дақылдың бір тоннасы 120 мың теңге болуы керек. Алайда сыртқы факторлар әсерінен баға 100 мың теңгеден төмендеп кетуі ықтимал дейді олар. Оған Ресейдің арзан бидайын импорттау салқынын тигізеді.

Астық одағының төрағасы Нұрлан Оспанов «Ел дала» сайтына берген сұхбатында көршілердің бидайды темір жол арқылы қосымша құн салығын төлеп жеткізсе, тоннасы 118-120 мың теңге шығатынын, заңсыз жолмен әкелсе, 105-108 мың теңгеге алынатынын айтады.

Жиын-терім науқаны аяқталған сайын баға да түсіп жатыр. Бұл отандық астықтың арзандап кетуіне алып келеді. Қазір еліміз 11,7 млн тонна астық экспорттауға дайын. Бірақ логистика мен баға мәселесі реттелмесе, трейдерлеріміз ұтылады дейді сарапшы.

Ел диқандары 7 млн га дәнді дақыл жинады. Яғни, жоспардың жартысына жуығы орындалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, егін ору жұмыстары елде белсенді жүргізіліп жатыр.