Кентау қаласында әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін бір азаматты балталап кеткен. Жәбірленушінің сөзінше, бәсекелес компанияның желідегі жазбасына «жеңілдік жасап, халықты алдап отыр» деп жазған пікірі үшін компания директоры оны соққыға жығып, бірнеше жерінен балтамен ұрған. Зардап шеккен азамат орташа дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ал соққыға жыққан азаматтың туыстары жәбірленушіге кешірім бермесең, «аямаймыз»деп қорқытып отырған көрінеді. Оқиға бойынша полицияға арызданған жігіт, тәртіп сақшылары іске немқұрайлы қарап отыр дейді.
Ислам Мырзахметов, жәбірленуші: «Келді, есікті жапты, ішке кірдім. «Сен, братишка, не істеп жүрсің?» деп бастады. Мен мына жерде тұрғам, ұрып бастады. Есікке қарай қашпақшы болдым, бір өзім ғой енді. Аяқтан шалып құлатты мына жерге. Үстіме шығып ұрып, бастан теуіп жатты. Екіншісіне айтты «балта алып кел!» деп, балтаны алып келген соң, отырған жерде басымнан ұрып жатты. Міне маған тимей қалған кездегі, орындары тұр ғой».
Ислам Мырзахметовті басы, арқасы, қолы мен аяғынан балтамен ұрып кеткен. Жәбірленуші Кентау қаласында газ құбырын жүргізетін компанияда жұмыс істейді. Сөзінше оны соққыға жыққан адам бәсекелес компанияның директоры. Ислам сол компанияның әлеуметтік желідегі жеңілдік туралы жазбасына «оның халықты алдау» әрекеті екенін айтып, пікір қалдырған. Сол күні Исламға директор жолығу мақсатымен хабарласқан екен. Алайда, ол Шымкентте болған соң, кездесу кейінге қалған. Ал дүйсенбі күні жігіт жұмыс орнына оралғанда компания директорымен бірге көзілдірік пен бетперде таққан тағы бір азамат келіп, соққыға жығып, балталап кеткен.
Ислам Мырзахметов, жәбірленуші: «Бұл жерде 10 фирма жүрміз ба, оның 10-ы да газ құбырын тартумен айналысады. Ал ол жерде оның беріп тұрған бағасы халықты алдау болған соң, «халықты алдама» деп сол ойымды айтқаным үшін кінәлі болып тұрмын бұл жерде. Сол үшін келіп мені балталап кетті. Инстаграмға салған постына жаздым. Халықты алдап, «менің бағам 75 мың теңге, баяғы баға жоқ» деп жазғаны үшін салдым. Ал реально келген кезде, материалдың, документтің ақшасына келген кезде ол ақша жоқ. Ол ақша болуы мүмкін емес».
Оқиға кезінде соққыға жығылған Ислам көп қан жоғалтқан көрінеді. Денесінде балтаның жарақаттары бар науқастың жағдайы түскен кезде орташа ауыр болды дейді дәрігерлер. Тіпті, дер кезінде көмек көрсетілмесе, қансырап көз жұмуы да мүмкін екенін айтады.
Асқар Жұмбеков, Кентау қалалық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі: «Оң білегінде, басында, сол алақанында балтамен шабылған жарақаттары бар. Науқасқа шұғыл түрде хирургиялық өңдеу жасалды. Оң білегіндегі жарасы үлкендеу, қантамыры зақымданған. Соның бәрі тігіліп, алғашқы медициналық көмек-көрсетіліп, сынық сырқат бөліміне жатқызылды. 16 қыркүйек күні науқастың жағдайы біршама жақсарып амбулаториялық емге жолданды».
Жәбірленушінің сөзінше, кінәлі азаматтың өзі хабарласпағанымен, ағайындары Исламға «кешірім бер» деп байланысқа шығып жатқан көрінеді. Ол үшін жәбірленушіге 200 мың теңге ұсыныпты. Ал егер кешірмесе жағдайы қиын болатындығын айтып қорқытқан да көрінеді. Ислам бұл іс бойынша полицияға да арызданған, алайда тәртіп сақшылары жағдайға немқұрайлы қарап отыр дейді. Себебі, оқиға орын алған күннен бері 1 апта уақыт өтсе де кінәлі адам әлі бостандықта жүр.
Бағлан Янкин, Кентау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары: «Аталған жайт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысынан кейін жинақталған іс-құжаттар Кентау қалалық сотына жолданады. Егер сараптама қорытындысы бойынша жеңіл дене жарақаты болса, ҚР ӘҚБ кодексінің 71-бабына және 73-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылады, ал сот медициналық сараптамасы орта дене жарақатын берген жағдайда ҚР Қылмыстық іс қозағалады».
Дәрігерлер жәбірленуші орташа дене жарақатымен ауруханаға түскенін растады. Дегенмен полицейлер істің жеңіл жарақат бойынша қозғалуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Ондай жағдайда, кінәлі азамат 1 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамалуы немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлмен құтылуы мүмкін көрінеді. Ал жәбірленуші Ислам Мырзахметов сараптама әділ жүргізіліп, айыпты адам тиісті жазасын алса деп отыр.