Кісі өлімімен аяқталған жол-көлік апаты бойынша сот процесі жүріп жатыр

84

Шымкент қаласы Абай аудандық сотында осы жылдың көктем мезгілінде болған жол-көлік оқиғасы бойынша тыңдалым өтіп жатыр. Түнгі уақытта микроавтобус жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жеті адам отырған көлікті қағып кеткен еді. Оқиға орнында үш адам көз жұмды. Оның біреуі апатқа кінәлі автокөлік жолаушысы болса, қалғандары екінші көліктегі жандар.

Бейнежазбада жүргізуші тыйым салынған бағдаршам белгісінен өтіп, бірнеше секунд ішінде жолаушыларға толы микроавтобусқа соғылғаны көрсетілген. Тіпті бір жігіт көліктен ұшып кетеді, қатты соққының салдарынан жолаушылар жан-жаққа шашырап құлаған.

Енді міне, 6 айдан кейін Шымкент қаласы Абай аудандық сотының сотталушыларға арналған орындығында апатқа кінәлі азамат отыр. Ол өзін түсіруге рұқсат берген жоқ! Айыпталушы өз кінәсін мойындады, бірақ көлік жүргізушісі келіспейтін тұстары да бар екен.

Жанар Бекасыл, жәбірденушінің жұбайы: «Кешке жақын жолдасым достарымен кетіп қалған, содан кейін мені шақырып, айыпталушы отырған жаққа біз бардық. Кешкі сағат 23:00-ден аса. Біз барған кезде оншақты адам болды іште. Барлығы алкогольдік құрам ішіп отырған. Бір-екі сағаттан кейін мен қайтып кеттім ол жақтан. Жолдастарым жалғастырып отыратын болғандықтан. Біз сол күні жолдан келдік, менің кішкентай 3 балам бар, әлі 2-ге толмаған балам болғандықтан 1-лер шамасында ерте қайтып кеттім. Ары қарай мен таңғы 5:30-6-да бірақ естідім не болғанын». 

Айыпталушының сөзінше, сол кезде оған көлік жүргізуге масайған достары кедергі келтірген. Алайда, көліктің артқы орындығында отырған куәгер әрі айыпталушының досы жүргізушіге ешкім кедергі жасамағанын айтады.

Зардап шеккен тараптың бірқатар шағымы бар. Олар бір күнде екі адамнан айырылғаны аздай, тағы бірнеше адам ауыр жарақат алып, емделу үстінде. Ал кінәлілерден көмек алмапты. Екінші тарап зардап шеккендердің тек біреуіне ғана 1 000 000 теңге әкелген көрінеді.

Рабиға Өскенбаева, жәбірленуші: «Оны алып кетіңіз, қоймаңыз, маған керек емес» дедім. Бірақ мен тұра алмаймын ғой, жатырмын, сондықтан мен оны қолына, қалтасына салып бере алмадым. 1 млн бердік деп жатыр да, ол бір миллионға 3 адам өліп жатыр, соны қайтарсын онда! Қайтара ала ма соны?! Жалғыз асыраушым сол еді».

Оқиғадан зардап шеккендер кінәлі адам қатаң режимдегі колонияда үлкен мерзімде жазасын өтесін деген талап қойып отыр. Сондай-ақ, оны өмір бойы көлік жүргізу мүмкіндігінен айыру керек деп есептейді. Айыпталушы кінәсін мойындап отыр, дегенмен сот әлі аяқталған жоқ!