Шымкентте 16 жасар студент қайтыс болған колледж өкілдері мен жас жігіттің арасында дау болды. Қайтыс болған студенттің туыстары білім алуға жіберген ұлдарының өліміне жауап беруді талап етіп, кінәлілерді жазалауды сұрайды. Себебі, оқиға куәгерлері жігітті басқа студенттердің итеріп жібергенін айтады, ал кейін оның жағдай күрт нашарлап кеткен. Бұл іс бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Қайтыс болған студенттің жақындарының Шымкент колледжіне келуі төбелеске айналды. Кеше кешке жерленген 16 жастағы Нұрхаттың туыстары колледж басшылығынан шындықты талап етіп келді. Алайда, директор да, оның орынбасары да өз орнында болған жоқ. Қайғыдан қан жұтқан ата-анамен тілдесуге білім басқармасының өкілдері келді. Ұлдарын білім алуға жіберіп, мәйітін алған ата-аналар ешқандай шындық жасырын қалмаса екен дейді.
Айжан Қашағанова, қайтыс болған студенттің анасы: «Кешірім де сұраған жоқ! Жалғыз баламды өлтіріп қойды. Шымкентте тағы бір қызым оқиды. Оның өзі оқымаймын, документімді аламын да, оқымаймын деп отыр. Мені де өлтіріп кететін шығар мүмкін деп отыр. Сол үшін мен ешқайсысмын кешірмеймін! Ақша үшін өліп отыр ғой! !Плен ақша әкелесің деп айтады балалар, бірақ оны осы бала деп айтуға қорқады. Ақша әкелесің деп міндеттейдә, сол үшін өліп отыр ғой, дені сап-сау бала!»
Дінмұхамед Сәлімбаев, қайтыс болған студенттің туысы: «Біз келсек, не директор жоқ, не куратор жоқ! Барлығы больничный алып бүгін қашып кеткен. Колледжде оқығалы күнде ақша сұрайды. Күнде! 5-10 мыңнан сұрайды, қайда кетеді ол ақша?!»
Нұрхат отбасындағы жалғыз ұл еді. Марқұм Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы. Ал Шымкенттегі колледжде бағдарламашы мамандығында оқыған. Туыстарының сөзінше, оның болашаққа үлкен жоспарлары болған, ол өзі еңбектеніп, отбасын мегаполиске көшіруді жоспарлаған екен.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Аталған мәселе бойынша ашық түрде басқарма басшысының және осы мәселеге жауапты қала әкімінің орынбасарымен бірге кеңейтілген алқа мәжілісінде ашық түрде тәртіпітік кеңесте мәселе қаралатын болады. Аталған жатақхананың ішінде күзеттер болған, дабыл кнопкалары болған, бақылау камералары болған. Дегенмен, бұл студенттердің арасында өзара команаталардың арасында бір-бірімен дау шықты деген күдік бар».
16 жастағы студент Шымкенттегі Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің жатақханасында көз жұмды. Қайғылы оқиға 22 қыркүйекте болған. Куәгерлердің сөзінше, студенттердің бірі жігітті кеудесінен, ал екіншісі иығына ұрған. Ал кейін оның жағдай күрт нашарлап кеткен. Дегенмен, жедел жәрдем келгенге студентті аман алып қалу мүмкін болмаған. Бұл іс бойынша қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Талғат Әбуов, Әл-Фараби АПБ бастығының орынбасары: «Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы қызметкерлерімен ҚР ҚК 106-бабы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Іс бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалған».
Дегенмен, тәртіп сақшылары көз жұмған жасөспірімді ұрды деп күдікке ілінген студенттердің ұсталғаны жөнінде ешқандай мәлімет берген жоқ.