М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Шымкент қаласына арнайы гастрольдік іс-сапармен келді. Алматылық театр қойылымдарын қалалық орыс драма театрының сахнасында қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етпек.
Мегаполистегі іссапар шымылдығы Дулат Исабековтың «Жүз жылдық махаббат» драмасымен ашылды. Алдағы 3 күнде Бернард Шоудың «Сүйікті менің періштем» комедиясы, Александр Володинның, Абай Құнанбайұлының қара сөздері бойынша қойылған «Қара» драмасы көрермен назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, театр актрисасы “Құрмет” орденінің иегері Назгүл Қарабалинаның «Монодрама — шеберлік шыңы» атты шеберлік сағатын өткізу жоспарланған. Сабақ 28 қыркүйек сағат 11.00-де қуыршақ және жасөспірімдер театрында өткізіледі.