Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалады?

37

Президент жолдауы ел ішінде, сонымен қатар, шет елдерде де әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Жолдаудың негізгі бөлімдерін қазақстандықтар оң қабылдады. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жауаптылар міндеттелген тапсырманы іс жүзінде орындауы тиіс. Мемлекет басшысы халық шенеуніктерге емес, керісінше олар халыққа қызмет етуі керек екенін баса айтты.

Үшінші мегаполис басшысы қалалық депутаттарымен және қоғам белсенділерімен кездесті. Жиынның басты тақырыбы – ел президентінің жолдауы. Қазақстанды үлкен өзгеріс күтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаны жариялады. Мемелекет басшысы жаңа Қазақстанға дамудың жаңа жолын ұсынды. Ал ол жол оңай болмасы анық.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, біз жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл өте ауқымды міндет. Ұлтымыздың тұтастығы мен мызғымас мемлекетіміздің баянды болашағы үшін саяси мәні мен маңызы аса жоғары президентіміздің жолдауын жүзеге асыруға бәріміз атсалысайық».

Енді мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мұрат Әйтенов Шымкент халқын жұмыспен қамтуда ешқандай мәселе туындамауы керектігін, бастысы жұмыс істеуге деген ынта қажеттігін атап өтті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Білім саласында қанша өзгерістер орын алып жатыр. Бұл ары қарай да жалғасады. Биылғы жылы президентіміз тапсырма берді. Мектептің жалпы деңгейін көтеру, алдағы уақытта құрылыста да өзгерістер болады».

Алда көптеген өзгеріс күтіп тұр, енді ең бастысы талмай жұмыс істеу керек, — дейді үшінші мегаполис басшысы. Шымкенттіктердің басым бөлігі Президент жолдауын қолдайды, тұрғындар енді нақты қадамдар қалғанын айтады.

Айта кетейік, халық арасындағы сауалнама нәтижелері белгілі болды. Қазақстандықтардың 44 пайызға жуығы Президент Жолдауының мазмұны туралы егжей-тегжейлі біледі. Ал шамамен 50 пайызы жолдаудың тек шет-жағасын білетін көрінеді. Дегенмен олар мемлекет басшысының саясатын қолдайды.