ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Түркістан облысына іссапармен келді. Данияр Жанәлінов Сайрам ауданында облыс тұрғындарымен кездесті. Онда көлік, берешек, салық, кеден саясаты мәселелері қозғалып, тұрғындар тарапынан көптеген сауал жолданды.
Сайрам ауданында Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Жиында салық, кеден саясаты, көлік және банкроттыққа ұшырау мәселелерді талқыланып, шешу жолдары талданды. Кездесуде комитет төрағасы облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсеткіштер туралы баяндады. Тұрғындар маманға өз сауалдарын жолдап, жауап алды.
Түркістан облысы – еліміздегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық саласы дамыған өңір. Облыстағы кәсіпорындар Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9%-ын өндіреді. Ал елде шығарылатын мақта талшығы, мақта майының барлығы дерлік, трансформаторлардың 98,6%-ы, сондай-ақ, фармацевтикалық препараттардың 70,1%-ы өндіріледі. Сайрам ауданының тұрғындары мұндай кездесулер кәсібін жаңа бастаған азаматтарға өте тиімді екенін айтады.
Берік Құдайбергенов, Ақсукент ауылының тұрғыны: «Біріншіден, бұл кәсіпкерлерге тиімді болды. Жаңадан бастаған кәсібін, одан кейін салықытық режимдер туралы біраз ақпарат берді. Осылардың барлығы, ең бірінші кезекте салықтық ақпараттандыру бойынша көп ақпарттар берілді. Әр адам өзінің кәсібін ашып, әлеуметттік жағдайын көтеруге деген бірінші бастамасы деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіле беретін болса, ел экономикасы көркейп-өсуіне өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын».
Сонымен қатар, жиында өзге елдерден әкелінетін көліктерді заңдастыру мәселесі де қозғалды. Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысы бойынша Грузия және Әзірбайжан елінен 3388 автокөлік уақытша кірген. Комитет төрағасы азаматтар көп жағдайда көлікті уақытша кіргізеді дейді. Алайда, кейін автомобильді қалдырып, өздері қайта кетіп қалатын көрінеді.
Данияр Жанәлінов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы: «Бұл көліктерді заңдастыру жолы тек қана кедендік рәсімдеу өткеннен кейін тиісті салықтар мен баждар төленгеннен кейін заңдастыруға болады. Әрине, биыл біз өзіміз көріп отырмыз, әсіресе Әзірбайжан, Грузия мемлекеттерінен келген көліктерді уақытша кіргізіп, одан кейін өздері Еуразиялық экономикалық аумағынан кетіп қалады, ал көліктер қалады. Оны рәсімдейтін өзінің ережелері бар. Біздің елге кіргізілген көліктер ішкі істер министрлігінің талаптарына сәйкес болса ғана рәсімделеді. Тиісті кедендік рәсімдеуден өтіп, тиісті салық пен баждар төленгеннен кейін. Сонымен қатар, криминалдық аясында көрсетілген көліктер ондай заңды механизмдарға жатпайды. Тағы айтып кететіні, оң жақ рульді автоқұралдар заңдастыруға жатпайды».
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 2020-2022 жылдарға 134 мыңнан астам микро және шағын бизнес субъектілері 20,7 млрд.теңге көлемінде салықтан босатылған. Ал ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексіне сәйкес, мүгедектер мен көп балалы жанұяларды қоса есептегенде Түркістан облысы бойынша 108 мыңнан астам жеке тұлға 1 377 мың теңгеге көлік, мүлік және жер салығынан босатылып, өз жеңілдіктерін пайдаланған.
Жалпы, мемлекет бюджетіне 2018 жылы 143,2 млрд.тг түссе, 2022 жылы күтілетін түсім сомасы 362,5 млрд. теңгені құрап немесе өсу қарқыны 2,5 есеге көбейіп, 253% болады деп жоспарланып отыр.