Жыл басынан бері сауда үстемесінің асып кетуіне байланысты 340-қа жуық шағым түскен. Көбіне-көп үйдің жанындағы дүкен иелері бағаны негізсіз көтерген. Бұл жайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен селекторлық кеңесте айтылды.
Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2 апта ішінде барлық өңірде сауда желілерімен және супермаркеттермен жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сауда үстемесін 10%-дан аспайтын мөлшерде сақтау туралы меморандумдарға қол қою бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жиында «айналым қаражатын» бөлудің жаңа тетіктерін іске асыру жайы да сөз болды. Қазір 9 облыс әлі қаржыландыруды қажетті көрсеткішке жеткізбеген. Бұл мәселені 1 қазанға дейін шешу міндеті қойылды.