Облыстық клиникалық ауруханада лапароскопиялық ота жасалды

159

Шымкентте алматылық білікті дәрігердің қатысуымен бірнеше ота жасалды. Облыстық аурухана қабырғасында өткен отаға жергілікті дәрігерлер қатысып, тәжірибе алмасты. Онда ақ халаттылар әйелдер арасында жиі кездесетін жатырдың ішкі қабатындағы өскінді жаңа тәсілмен алып тастады. 

Облыстық ауруханада 42 жасар әйелге ота жасалды. Оған эндометриоз диагнозы қойылған. Бұл әйелдер арасында кең таралған ауру түрі. Бірақ ауыр операция жасалатын болғандықтан бұл науқас екі жыл байы хирургиялық көмекке жүгінуге қорыққан. Бұған дейін тек дәрі-дәрмекпен ғана емделіп келген екен.

Роза Тұрсынбаева, дәрігер: «Науқасымыз эндометриозды жою үшін операция жасауға дайындалды. Ота лапороскопия және цистэктомиялық әдіспен жасалады. Эндометриоз бедеулікке алып келеді. Сондықтан осы операциядан кейін науқас балалы болуға мүмкіндік алады. Бұл кісіге екі жыл бұрын осы диагноз қойыпып еді. Бұған дейін операциядан бас тартқан. Көп ойланып барып енді ғана келісті. Ол бірінші кезде қатты қорықты. Дегенмен пышаққа түсу оңай емес. Бірақ қазір лакоскопиялық емдеу әдісі өте ыңғайлы, әрі кеңінен қолданылып келеді. Тағы бір ерекшелік, отаның мұндай түрінен кейін науқас жылдам қалыпқа келе алады. Ота біткеннен кейін әйелдер көбіне 1 күннен соң-ақ тез аяғына тұрып кетеді. Түсіндірдік, әңгімелестік, содан кейін ол емделуге келісімін берді».
Бұл науқасқа отаны Алматыдан арнайы келген өте білікті дәрігер Данияр Жакупов жасады. Оның бұл салада қызмет етіп жүргеніне 23 жылдан асқан. Ал ота үшін жарты сағат уақыт қана кететін аз инвазивті тәсіл таңдап алынған. Бұл бірнеше тілік жасалып, камераның көмегімен жасалады.
Данияр Жакупов, дәрігер — гинеколог — жоғарғы санатты хирург: «Бұл науқастың ауруы қатерсіз ісік түріне жатады. Бірақ қатерсіз деп қарап отыруға да болмайды. Себебі ісік тез өсіп кеткен. Біз ауруды зерттеу барысында бұл қатерсіз болса да, онкологиялық ауруға ұқсас екенін анықтадық. Сондықтан бұл жерде бірнеше салаға маманданған дәрігердің пікірі қажет. Сол үшін де операция жасаушы құрамына тік ішекке, қынапқа операция жасай алатын хирургтар кіруі керек, сондықтан да яғни бұл өте қызықты операция болайын деп тұр. Біз лапароскопиялық әдісті қолданамыз, кішігірім тіліктер арқылы лапароскопиялық портты енгіземіз және ұзын аспаптар көмегімен отаны мониторға қарап тұрып жүргіземіз».
Алматылық білікті дәрігер жергілікті мамандарға шеберлік сыныбын өткізу үшін арнайы келген. Ол бүгін дәл осындай тағы да 3 отаға кіреді. Онда лапороскопиялық операцияның қыр-сырын үйретіп, кәсіби шеберлігімен бөліседі.
Нұркен Жүнісов, ОКА операциялық бөлімнің меңгерушісі: «Облыстық ауруханада 3 күн мастер-класс өтеді. Бүгін гинекологиядан басталады. Бүгін арнайы шақырылған хирургтардың қатысуымен 4 ота жасалса, ертең онкологиялық 3 операция жасалады. Ал сенбі күні 1 ота жасау жоспарланған. Мұның мақсаты біздің хирургтар білікті дәрігерлердің операциясына қатысып, тәжірибе жинау».
Аурухананың оталау бөлімінде күн сайын бірнеше науқасқа заманауи жаңа технологиялардың көмегімен ота жасалады. Айта кетейік, мұнда емдеу тәсілдері МӘМС негізінде тегін өткізіледі.