Ордабасы ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнет жасындағы ауыл тұрғындарына арналған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы ашылған. Орталықтың негізгі міндеті айтулы азаматтардың денсаулығын жақсарту болып табылады. Мұнда келгендер заманауи құрылғыларда жаттығулар жасап, салауатты өмір салтын ұстану дағдыларын меңгереді.
«Қара жорға» әуенінің ырғағына жаттығу жасап жатқан — ауыл тұрғындары. Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында биыл ашылған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметіне жүгінгендердің қарасы қалың. 72 жастағы Дүйсенкүл Құлағызы «оңалту орталығына келгеннен бері соңғы жылдары сыр берген тіземнің ауырғаны басылды»,- дейді.
Дүйсенкүл Құлағызы, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Осы жерден шықпаймыз. Күніге келеміз. Той томалағымыз бар, қолымыз босаса келіп емін алып кетеміз. Зейнеткерлерді елеп осындай орталық ашқандарға алғысымыз шексіз. Ауылдағылардың көбісі осында».
«Тең қоғам» әлеуметтік орталығы 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Дәрігерлік еңбек медициналық комиссиясының қорытындысы бойынша аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балалар мен зейнет жасындағы ауыл тұрғындары осында ем, оңалту шараларын қабылдайды.
Әльмира Бердідмұрат, «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас маманы: «Арбамен қозғалатын азаматтарды орталыққа инватакси алып келеді. Оңалту шараларынан кейін үйлеріне дейін көлік жеткізіп салады».
Мұндағы мамандардың сөзіне сүйенсек, «Тең қоғам» әлеуметтік орталығына келушілер саны күн санап артып келеді екен. Және орталық қызметін пайдаланушылар мұндағы жұмыстың сапасына да, мамандардың біліктілігіне де дә риза. Бұл да болса, сапалы еңбектің жемісі болса керек.
Орталықта емдік шаралардан бөлек тұрмыстық зорлық- зомбылық құрбандарына да қолдау көрсетіледі.