Егін мен мал шаруашылығымен айналысатын Ордабасы ауданының халқы жылыжайда бақша өнімдерінен бөлек цитрусты жеміс егуді қолға алған. Бұдан бөлек, диқандар субсидия бөлінетін жеміс жидектерге де көңіл бөлуде. Темірлан ауылындағы Сейдазимовтар отбасы ауыл шаруашылығы жер алқабында бау, жылыжайда лимон егіп, еңбек етуде.
Ордабасы ауданында Қажымұқан ауыл округіне қарасты Ынталы ауылында лимон өсіретін Сейдазымовтар отбасын білмейтін жан жоқ шығар. Бүгінде айтулы отбасыға тиесілі «Елнұр-Айдар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне тиесілі 5 гектар жер алқабының 50 соттық жылжайында цитрусты жемістер жайқалып тұр. 5 жыл бұрын жерсіндірілген көшеттерден бүгінде өнім бітік шыққан деуге болады.
Айдар Сейдазымов, Ордабасы ауданының тұрғыны: «2019 жылы 5 тонна, 2020 жылы 15 тонна, ал 2021 жылы 25 тонна өнім алдық. Биыл 35 тонна лимон жинаймыз деп отырмыз».
Байқағандарыңыздай жақсы күтімнің арқасында мұндағы лимон ағаштары жайқалып тұр. Айта кетейік, биыл жылыжайда тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілі кеңінен қолдануда. Былтыр бір көшеттен шаруалар 76 кг лимон алған. Ал айтулы өндірістік кооперативтің цитрус өнімдерін баптау тәжірибесі облыс көлемінде дәріптелуде.
Айдар Сайдазымов, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Қазір ОҚУ-мен келісімшартқа тұрғанбыз студенттер келіп біздің шаруашылықта практика өтеді».
«Елнұр-Айдар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі лимоннан басқа біздің өңірге таңсық анар және тау етегінде өсетін бес жұлдыз алмаларын өсірумен айналысуда. Өнімдердің дәмін аудан жұртшылығы ғана емес, республика бойынша өңірлер тұрғындары татуда.