Пойызда былапыт сөйлегені үшін бір тәулікке қамалды

25

Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiне тию әкімшілік жауапкершілікке алып келеді.  Түркістан облысының Кентау қалалық сотының 2022 жылғы 5 тамыздығы қаулысымен Н. есімді азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылған.

Себебі сотта Н. есімді азаматтың 2022 жылы 16 шілдеде «Семей-Қызылорда» бағыты бойынша №21 поездың №14 вагонның №37 орында, яғни қоғамдық орында былапыт сөйлеп, айналасындағыларға сыйламаушылық бiлдiріп, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзғаны анықталды.
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін — бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғатын әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сот жаза тағайындағанда жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипатын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, оның жеке басын, құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, оған әкімшілік жаза ретінде бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолдануды дұрыс деп тапқан.