Полицейлер алаяқтыққа қатысы бар Сайрам ауданының тұрғынын анықтады

31

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреу ватсап желісі арқылы тұрмысқа қажетті тауарларды арзан бағада, яғни 20 дана кілем мен 2 дана кір жуғыш машинасын әкеліп беремін деп ақша алған.

Алайда ақшаны қалтасына басқан күдікті хабарсыз кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 400 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, жедел іске кірісті.
Тәртіп сақшылары жедел шаралардың нәтижесінде, небары тәулік ішінде алаяқтық жайтына қатысы бар жергілікті тұрғынды анықтады. Ол жұмыссыз, Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.
Анықталғандай, күдікті өз арам ойын іске асыру үшін жергілікті тұрғынды интернет арқылы алдап, алған ақшаны бас пайдасына жаратқан. Осыдан соң уәде орындалмай, не ақша қайтармай жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған. Бұл ретте әрине жәбірленуші өз ақшасын қайтарып алу мақсатында, полицияның көмегіне жүгінді.