Қаратау АПБ-не «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданаған. Ол өз арызында, «Нұрсәт-3» шағынауданында орналасқан үйінің ауласында тұрған «Audi-100» маркалы автокөлігін белгісіз тұлғалар заңсыз басқарып, айдап кетіп, оқиға орнынан бой тасалағанын көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 000 000 теңгені құрады.
Аталған жайт СДТТБТ-не ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) тіркелді.
Арызданушының көлігін табу мақсатында полицейлер шұғыл қажетті шараларды іске асырды.
Шымкент қаласы Полиция департаментіне қарасты Жедел басқару орталығындағы бейнекамералардың көмегімен «102» пультіне хабарлама түскен сәттен, арада үш минут өткенде Патрульді полиция полкінің қызметкерлері Бәйдібек би көшесі бойында дәл сол «Audi-100» маркалы автокөлігін көріп, сол арада автокөлікке тосқауыл қойды. Тәртіп сақшылары көлікті заңсыз айдап әкеткен азаматтарды анықтап, ұстады. Олар Түркістан облысының 2005 және 2002 жылдары туылған үш тұрғыны болып шықты. Өз кінәларын толық мойындап отыр.
Тәртіп сақшылары жәбірленушінің автокөлігін айғақты зат ретінде тәркілеп алып, оны заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.