Полиция үйде қару ұстаған күдіктіні ұстады

39

Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғындардың бірі өзінде атыс қаруын заңсыз сақтағаны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Бәйдібек АПБ полицейлерімен бірлесіп Бәйдібек ауданының тұрғынын анықтады.

Күдіктінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер «CZ SCORPION» маркалы атыс қаруын тауып алып, тәркіледі. Барлық жағдайды анықтау үшін тәртіп сақшылары жас жігітті Бәйдібек АПБ-ға жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігі «қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.
Күдіктінің айтуынша, ол Алматы қаласындағы «жаппай тәртіпсіздік» кезінде атыс қаруын тауып, үйдің шатырында сақтаған. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынды. Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сонымен қатар, қаруды полицияға өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын естеріңізге салады.